Төлеген сонда сөйледі
Ей, Қаршығау, Қаршығау
Сырымды саған айтайын
Құдай басқа салғасын
Сырымды айтпай қайтейін
Еліңде жігіт көп екен
Іші толған кір екен
Бекежан деген қарақшы
Қызжібектің сыртынан
Көп ғашықтың бірі екен
Ақылдасып барлығы
Төлеген сынды мырзаны
Өлтіреміз дейді екен
Жалғыз жатқан жерімде
Жазым болсам қайтемін
Қаршыға сонда сөйледі
Асу асу бел дейді
Аса соққан жел дейді
Сенген болсаң сен маған
Кел соңымнан ер дейді
Өлтіретін кім екен
Мені сынап осы жерде
Кереметін көр дейді
Базарбайдың Төлеген
Қаршығадай ақынын
Бұл сөзін мақұл көреді
Алдырып атын мінеді
Қаршығамен ілесіп
Ауылға таман жүреді
Алты Шекті ішінде
Қаршығаға сенеді
Шаңқай түстің кезінде
Иілместен, бүгілмей
Ауылға жетіп келеді
Сырлыбайдың алты ұлы
Алтауы да бөрі еді
Ең кішісі Жиренбай
Сол түскен отауы ай
Жаңа түскен жас келін
Сонда келіп енеді
Басшы болған Қаршыға
Кереметін көргізді
Төлегенді атымен
Шаңқай түсте ауылға
Іркілмей алып жүргізді
Жиренбай мырза үйіне
Жаңа түскен отауға
Тоқтаусыз әкеп кіргізді
Төлеген сонда сөйлейді
Ашуға ашу белдейді
Аса бір соққан желдейді
Айналайын Қаршекең
Жігіт болсаң сендейді
Анықтап бүгін көрейін
Қазір барып Жібекті
Өзің ертіп кел дейді
Кеше бердім қос жорға
Берейін бүгін үш жорға
Бесеу қылып мін дейді
Осы жүрген Қаршыға
Епті туған ер еді
Ерлігінің белгісі
Жібекке жетіп келеді
Келіп сөйлей береді
Айналайын Жібекжан
Ішіңе дән аппақ сүйінген
Осы емеспеді Құдайдан
Қарағым сенің тілегің
Басым басым басымда
152 бет
Аққа құлпы жасылды
Қаршыға көкең келгенде
Көтергің Жібек басыңды
Жаңа отаудың ішінде
Жаңа түскен жас жеңгең
Қарағым сені шақырды
Жібек сонда сөйлейді
Шешендікпен айтасың
Өзің шешен батырсың
Кеше алдың қос жорға
Бүгін алдың 3 жорға
Бәрі болды бес жорға
Сиғыза алмай Тәңірге
Жазып жүрген кәпірсің
Мінгенде атың Қарагер
Барайын өзім бара бер
Шақырғанда бармасам
Қаршекең тілін алмасам
Ақыр бір күн боларын
Сол жігітке қызметкер
Қаршығадан мұны естіп
Енді Жібек тойында
Асыл киім киінді
Шақырғанға бармасам
Қаршекең тілін алмасам
Ақыры бір күн боларын
Сол жігітке сүйінді
Абиір алсын Қаршекең
Бармай қалсам қиынды
Қаршығадан басқаға
Жібектен жауап алмаған
Қиын қыстау іс еді
Жібектің жайын сұрасаң
Асып туған анадан
Шайзада кісі еді
Кісі бойы кәрәуат
Алтын тақтың үстінен
Қояндай ырғып түседі
Ақмаңдайы жарқылдап
Танадай көзі жалтылдап
Алтын кебіс шартылдап
Жүйрік аттай ойқасып
Құнан қойдай бой тастап
Қалмайын деп ұялып
Жанбағанға бой тастап
Кер Маралдай керіліп
Сары майдай ерініп
Тәңір берген екі аяқ
Бір басуға ерініп
Үйден шықты Қызжібек
Көрген көзге дүниенің
Баршасынан жиреніп
Атқан оқтай жылысып
Ор қояндай ығысып
Қылаң етіп, қылт етіп
Сылаң етіп, сілетіп
Мықындары былқылдап
Тау суындай сымпылдап
Сүмбіледей жылтылдап
Буындары сыртылдап
Айбынды туған Қызжібек
Отауға қарай жөнелді
Ғашық жарын көрмекке
Қызмет қылып бермекке
Шайзада Қызжібек
Жалт-жұлт етіп келеді
Сол уақытта қарасаң
Қызжібектің нұрын
Нұр шетінен пішкендей
Қызжібектің екпіні
Пейіштен самал ескендей
Қызжібекті бір көрген
Шыбын жаннан кешкендей
153 бет