Сұлутөр ауылы «Хаджи Темаль Медина» мешітінің молдасы Ансар Абилов жамағатқа «Құдайы аста ысырап жасамау» тақырыбында үгіт- насихат жасады. Халық арасында ысырапшылдық көбіне-көп тамақ пен сусынға қатысты орын алып жатады. Ысырапшылдыққа жол бермеу жайлы Құран Кәрімде былай баяндалады: «...Жеңдер, ішіңдер әрі ысырап етпеңдер.
Ақиқатында, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» және де «Негізінде, ысырапшылар – шайтанның ағайындары. Ал, шайтан Раббысының игіліктерін мүлдем мойындамайды». Мәселен, тамақтану рұқсат, ал сол рұқсатты қажетінен артық пайдалану – ысырап.
Хадисте: «Ысырап етпей және тәкаппарлыққа бармай тамақтаныңдар, сусын ішіңдер, киім киіңдер және садақа жасаңдар», – делінген. Ибн Аббас (р.а.): «Қалаған асыңды іш және қалаған киіміңді ки, бірақ ысырап және тәкаппарлық етпе», – деген. Қорыта айтсақ, отбасында және той-томалақ немесе ас беру сияқты дастарқанда ысырап етуге тыйым салынады.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі