Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің бас имамы Даурен Куттыбаев мешітке жиналған жамағатқа «Жиһад -нәпсімен күрес» тақырыбында түсіндірме жұмысын жасады. «Жиһад» сөзі араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді төгу, тырысу, күресу деген сияқты мағыналарды білдіреді.
Жиһад ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда теріс бағыттағы ақпарат салдарынан көптеген адамдар жиһадтты қару алып соғысу деп біржақты түсінеді. Әрине, мұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді.
Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде өткенімен төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Жиһад - ең әуелі өзіңді түзету. Ішкі дүниеңді, жүрегіңді тазарту. Болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтыру. Қысқасы, нәпсіңмен әрдайым үздіксіз күрес.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі