Сұлутөр ауылы «Хаджи Темаль Медина» мешітінің молдасы Ансар Абилов мешітке келген жамағатқа «Дәстүр құндылықтары» атты тақырыпта насихат айтты. Дәстүріміздің дінімізде алар орны ерекше.
Ислам діні халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға тыйым салмаған. Өйткені сан ғасырдан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрлер құқықтық нормалар бастауларының бірі саналады. Ғұрыппен әмір ету – шариғатымыз рұқсат берген істің бірі. Бұған қатысты Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет...», – деген.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исламға дейін әдет-ғұрыптан пайда болған, яғни өмірдің өзі туғызған шариғат негіздеріне қайшы келмейтін дәстүрге тыйым салмады. Сондай-ақ адамзат баласын бір-бірінің ұлты мен нәсіліне, ұлттық құндылықтарына тіл тигізбеуді өсиет етті.
Жамбыл аудандық орталық мешітінің баспасөз қызметі