Жамбыл облысы Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінде қасиетті жұма күні «Һибатулла Тарази» медресе колледжінің ұстазы Бақытжанұлы Ерболат «Отанның қадірін білмеген өз қадіріне жетпейді» тақырыбында насихат айтты.
Ерболат Бақытжанұлы насихатында: «Адам баласы жаратылысынан мекенге тәуелді. Оның болмысы кеңістікпен тығыз байланысты: туған жер, өскен орта, ана тілі, алғашқы естіген азаны – мұның бәрі адам жанындағы Отан ұғымының іргетасы.
Отан – бұл тек аймақ емес, ол – тарихи жадының, мәдени сана мен рухани тамырдың тоғысқан тұғыры. Отан – ұлттық бірегейліктің тірегі, тыныштық тұрағы, адамның ішкі әлемінің айнасы. Онда тек тән өсіп-жетілмейді, ойдың өрісі, ұяттың өлшемі, ұмтылыстың бағыты қалыптасады.
Қазақ халқы үшін Отан ұғымы – тек әлеуметтік құрылым емес, бәлкім ұлт болмысының тереңге байланған өзегі. Ол – кешегінің киелі аманаты мен бүгінгінің биік парызын қатар арқалаған ұлы міндет. Отаннан айырылу – тек босқын атану емес, болмыстық күйреу. Ал Отанның қадіріне жету – шүкірлік пен жауапкершіліктің шыңы. Себебі бұл – тек өткенді еске алу емес, бүгінгі міндетті тану. Бұл тарихпен мақтану емес, рухпен бекемдену. Себебі Отанның қадірін білмеген өз қадіріне жетпейді», - деді.