1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Тараз қаласындағы "Кеңесхан қажы" мешітінде тағылымды рухани шара өтті. Мешіт ұстазы Зейнеп Үсенованың ұйымдастыруымен өткен жиында түрлі ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрі насихатталып, жамағатқа достық пен татулықтың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Шара барысында 15 ұлттың — Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Жапония, Үндістан, Ресей, Ұйғыр, Қытай, Түркия, Дүнген, Корея, Моңғолия, Малайзия, Грузия және тағы басқа халықтардың – ұлттық киімдері, тағамдары, мәдени ерекшеліктері таныстырылды. Әр ұлт өкілі өз елінің тарихын, құндылықтарын айтып, жамағатпен жылы жүздесу арқылы ортақ рухани құндылықтарға үндеді.
Көпұлтты сипаттағы бұл шарада бірлік, сыйластық, бауырмалдық сынды мұсылмандық һәм адамзаттық құндылықтар кеңінен дәріптелді. Жамағат арасында достық байланыс орнап, бір-бірімен сәлемдесіп, таныстықтарын нығайтты.
Ұйымдастырушылар дәрісті дәстүрлі форматтан тыс, тың әрі есте қаларлықтай етіп өткізуді мақсат тұтқан. Нәтижесінде жиналған көпшілік әсерлі көріністерге куә болып, ұлттар арасындағы бейбітшілік пен түсіністіктің дін аясындағы көркем үлгісін сезінді.
– Бұл шараның негізгі мақсаты – жамағат арасында ауызбіршілікті арттырып, бірлік пен ынтымақтың дініміздегі орнын көрсете білу. Ұлттар мен ұлыстардың татулығы – еліміздің тұрақтылығының кепілі, – деді Зейнеп Үсенова.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі