ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдегі әйел ұстаздармен дидарласты. Жиын барысында жылдық жоспар аясында атқарылып жатқан іс-шаралар сараланып, алдағы мақсат-міндеттер талқыланды.
Басқосуда ҚМДБ Жамбыл облысы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиева сөз алып, өңірдегі ахуал мен жүргізіліп жатқан рухани-ағартушылық жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол мешіттердегі уағыз-насихат жұмыстары, әйел жамағатына арналған діни сабақтар, қайырымдылық және тәрбиелік бағыттағы кездесулер жөнінде кеңінен тоқталды.
Өз кезегінде Динара Құтқожақызы ұстаздардың белсенділігіне ризашылық білдіріп, қоғамдағы әйел адамның рөлі мен жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, қазіргі замандағы діни сауаттылықтың маңызы мен ұстаздарға артылар сенім туралы тағылымды ойларымен бөлісті.
Кездесу соңында қатысушылар көкейде жүрген сауалдарын қойып, тәжірибе алмасып, бір-біріне рухани қолдау білдірді.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі