ҚМДБ ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР СЕКТОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІЛЕРІ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА СЕМИНАР ӨТКІЗДІ

ҚМДБ ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР СЕКТОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІЛЕРІ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА СЕМИНАР ӨТКІЗДІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен жоспарға сай ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиеваның ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде әйел-қыздар жамағатына арналған тағылымды семинар өтті. Шараны ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар қажы Зәкіржанұлы ашып, сөз сөйледі.

Отбасы құндылығы мен қоғамдағы әйелдің рөлін нығайтуға бағытталған бұл рухани жиынға арнайы түрде ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы, Алматы облысы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Назерке Әкішқызы, Шымкент қаласы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Балжан Асылханқызы, Түркістан облысы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Еңлік Мұратқызы және "Кеңесхан қажы" мешітінің ұстазы Зейнеп Үсенова қатысып, насихат айтты.

Шара барысында "АЖЫРАСУ – АЛЛА СҮЙМЕЙТІН ІС" тақырыбы көтеріліп, қазіргі қоғамдағы отбасы тұрақтылығы, ажырасудың себеп-салдары, әйелдің отбасындағы рөлі және шариғат талаптары жан-жақты талқыланды. Баяндамашылар Ислам дініндегі отбасы құндылықтары мен сабыр, кешірім, өзара түсіністік туралы кеңінен тоқталып, қатысушылардың көкейлерінде жүрген сауалдарына нақты жауаптар берді. Қоғамда жиі кездесетін ажырасу мәселесі аясында ер мен әйелдің жауапкершілігі, шариғаттағы құқықтары мен міндеттері нақты мысалдармен түсіндірілді.

Ұстаздар жамағатқа әйелдің діни және отбасылық жауапкершілігі, ата-ана мен бала арасындағы рухани көпірдің маңызы жайында жүрекке жетерлік насихат айтты. Әсіресе, Ислам дініндегі мейірім, кешірім және сабыр ұғымдары кеңінен тарқатылып, шариғат шеңберіндегі салиқалы әйелдің бейнесі сипатталды.

Семинар соңында қатысушылар өз сауалдарын қойып, дін мамандарынан тұшымды жауаптар алды. Мұндай рухани кездесулер әйелдердің имани білімін арттыруға, ұлттық және діни құндылықтарды бойға сіңіруге ықпал ететіні сөзсіз.

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: