9 мамыр – Жеңіс күніне орай еліміздің барлық мешіттерінде Отан үшін от кешіп, жері үшін жанын қиған ата-бабаларымыздың рухына Құран бағышталып, елдік пен ерліктің рухани шарасы өтті.
Жамбыл облысындағы барлық қала, аудан, ауыл мешіттерінде жамағат жиналып, бір мезетте бабалар рухына Құран хатым түсірілді. Батыр бабалардың ерлігі еске алынып, дін қызметкерлері шейіт болған жауынгерлерге арнап арнайы дұға жасады.
Облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде де айтулы шара өтіп, имамдар ел қорғау жолында шейіт болған батырлардың мәңгілік есімін ұлықтау – әрбір адамның азаматтық борышы екенін атап өтті.
– Бұл күн – тек Жеңістің емес, жанын пида еткен ерлердің, тылда еңбек еткен аналар мен аталардың, қасіретті жылдарды бастан өткерген бүкіл халықтың құрметіне арналған күн. Біз олардың рухына Құран бағыштап, аманатын ұрпақ санасына жеткізуіміз керек, – деді олар.
Мешіт жамағаты бейбіт өмір мен тыныштықтың қадірін ұғына отырып, ел амандығы мен тұтастығына дұға жасады. Осындай игі амалдар арқылы халқымыздың жауынгерлік рухы мен діни құндылықтар сабақтастығы нығая түсуде.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі