Қазақы салт-дәстүрімізде ерекше өзіндік орны бар, асыл дініміз исламға ешқандай қарама-қайшы келмейтін беташар рәсіміне тоқталғанды жөн санадық.
Беташар дегеніміз - жаңа түскен келін түскен шаңырақтың табалдырығын келін боп аттаған кезде жасалатын салт-дәстүр, яғни келін боп түскен ел-жұртына таныстыру. Келін түскен бойда бірден атқарылатын екі шаруа болады. Оның алғашқысы неке қидырту болса, екіншісі – беташар рәсімін өткізу.
Атам қазақ беташар рәсімінің жасалуының басты мақсаты оның жаңа түскен шаңыраққа тез сіңісіп кетуіне үлкен әсерін тигізеді деген екен.
Беташар басталған сәтте келіннің бетіне жаулық жабылып, оны жеңгелері тігілген отаудан алып шығады. Содан соң беташарға арнайы шақырылған асаба немесе жүргізуші беташарға жиналған күйеу жігіттің алыс-жақын туыстарын өлең жолдарымен атап шығады. Ал келін сол сәтте иіліп сәлем салуы керек. Аты аталған туыстар сый ретінде келіннің көрімдігін беріп жатады. Бұл отбасын құрайын деп жатқан жастарға көмек болады деп ұсынылған. Себебі қазақта "үйлену оңай, үй болу қиын" деген сөз бар. Ал қазіргі таңда жиналған қаражатты еңбекақысы ретінде асабаға беру қалыптасқан. Жалпы бұл үй иелерінің келісімімен болатын дүние. Сосын беташардың екінші бөлім мәтінінде жаңадан түскен келіннің үй шаруашылығындағы міндеті, атқаратын жұмысы, өзінің туыстарымен қарым-қатынасы, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, үлкендерді, жолдас-жораны, қонақты сыйлауы сөз болады.
"Әдепті, сыпайы бол, өсек таратпа, өзіңнен үлкенді сыйла, үй жұмысын жасауға ерінбе!" - деген секілді көптеген өсиеттер айтылады. Осы орайда, беташар дәстүрлі діни түсінігімізге қайшы ма? деген ой тууы мүмкін. Олай дейтініміз, кейінгі кездері ел ішінде беташарға қатысты түрлі пікірлер де сөз етіліп жүргендігін аңғарамыз. Мәселен, Алау Әділбаевтың "Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының ислам шариғатымен үйлесімі" кітабында беташар дәстүрі туралы мынадай тұщымды жауап жазылған. Сонымен беташар дәстүрі діни түсінікке қайшы ма? "Беташардың діни-әлеуметтік рөлдерінің бірі – танысу. Танысу – Алла Тағаланың ең үлкен бұйрықтарының бірі һәм Пайғамбар сүннеті.
Қасиетті Құранның "Хұжурат" сүресінің 13-аятында: "Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін ұлыстар мен руларға бөліп жараттық", - делінген. Осыдан түсінетініміз, Алла Тағала адам баласын түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлгендігін және сондай ақ өздеріне тән салт-дәстүрлері де жатқандығын аңғарамыз. Дін мен дәстүріміз екеуі бір-бірінен алшақ емес, керісінше егіз ұғым деп қабылдаймыз. Әр істің көзделген мақсатына қарай неке мен беташар рәсімінің көздегені екі жастың бақытты ғұмыр кешуі үшін жасалып отырған рәсім, дәстүр боп табылады. Жастарымыздың болашақтары жарқын, бақыттары баянды болсын!
Қуаныш Түзелбеков
Т.Рысқұлов аудандық мешіттің бас имамы