ДІН МЕН ДӘСТҮР — ЕГІЗ ҚҰНДЫЛЫҚ

ДІН МЕН ДӘСТҮР — ЕГІЗ ҚҰНДЫЛЫҚ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бисмилләһир рахмани рахим.

Ислам діні — күллі адамзатқа ортақ рухани байлық. Ол белгілі бір ұлтқа не бір ғана қауымға жіберілген дін емес. Құран Кәрімде мұсылмандарға қарата «Ей, арабтар!» не «Ей, бәдәуилер!» деп емес, «Ей, адам баласы!», «Ей, иман келтіргендер!» деп үн қатылуы — Исламның жаһандық сипатын дәлелдей түседі. Алла Тағала Құранда соңғы Елшісі Мұхаммед Мұстафаны (с.ғ.с) бүкіл әлемге рақым етіп жібергенін баяндайды.

«Дін» сөзі — тілімізге араб тілінен енген, «мойынсұну», «қызмет ету», «әдеттену» деген мағыналарды білдіретін ұғым. Батыстық түсінікте дін — ар-ождан мен киелі саналғанға сену, ал Ислам ұғымында дін — бұл тек құлшылық емес, бүкіл адамзат баласының өмір сүру дағдысын, мінез-құлқын көркемдендіретін, қоғамда ізгілік пен әділетті орнататын кемел жүйе. Ислам — соңғы дін ретінде алдыңғы діндерді толықтырып, ақиқаттың нүктесін қойған.

Әр халықтың рухани бет-бейнесі — оның тілі мен діні, дәстүрі мен салтында көрініс табады. Дәстүр — заңмен емес, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан халықтың өмірлік тәжірибесі. Ол ұлттың ішкі жан дүниесінің, рухани дүниетанымының айнасы. Қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі де шариғат негіздерімен, Құран аяттары мен хадистермен сабақтасып, үйлесім тапқан.

Бабаларымыз әр ісінде дінді ту етіп ұстанған. Бас киімге деген құрметтен бастап, табиғатты аялауға дейінгі тәрбиелік қағидалардың бәрінде де терең мән жатыр. «Бас киімді жерге тастама», «Жағалы киімді аяқасты етпе», «Жастықты аттама», «Түнде жалаңбас шықпа» секілді тыйымдар — исламдағы тазалық пен әдептіліктің көрінісі. «Үлкенге қызмет ет», «Қарттың қолына су құй», «Ата-анаңның бетінен алма», «Отанды сүй» деген өсиеттер — шариғаттың тәрбиелік мәнін дәлелдейді.

Ислам мен дәстүр — қазақ руханиятының қос қанаты. Бұл екеуі біте қайнасып, сан ғасырлық мұра болып ұрпақ бойына сіңіп келеді. Халқымыздың әрбір наным-сенімі, күнделікті өмір салты — дінмен үндесіп, ділмен сабақтасқан.

Түсіпов Рахымбай,
Шығанақ ауылының молдасы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: