Жақсылық жасау – әрбір мұсылманның бойында болуы тиіс көркем қасиет. Өзімізге қалаған игілікті өзгеге де тілеу – иманның нышаны. Құран Кәрімнің "Қасас" сүресінің 77-аятында Жаратушы Иеміз:
«Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де, дүниедегі несібеңді ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей, сен де жақсылық істе. Жер бетінде бұзақылық іздеме. Алла бұзақыларды сүймейді» – деп әмір етеді.
Демек, жақсылықтың аясы кең. Біз кейде оны тек біреуге көмектесумен, садақа берумен шектеп түсініп жатамыз. Негізінде, кез келген ізгі амал – жақсылық. Жасаған жақсылығымыз – ең алдымен өзімізге. Өйткені Алланың ризалығын көздеген әр ісіміз – мәңгілік өмірімізге азық.
Жақсылық пен тақуалық – егіз ұғым. Алладан қорқып, ізгілікке ұмтылған жан әрдайым жамандықтан алшақ жүреді. Мұндай жүректен мейірім төгіліп, оның айналасындағы адамдарға да жылу тарайды. Алла сондай құлдарының амалын берекелі етеді.
Ата-анаға құрмет, көршіге қамқорлық, туысқа жанашырлық – мұның бәрі де үлкен жақсылық. Тіпті, біреуге жылы жүзбен қарау, жақсы сөз айту, жолдағы кедергіні алып тастау – осының бәрі сауапты амал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):
«Күлімсіреу де – садақа», – деген.
Ертеде бір шаһарда наубайшы өмір сүріпті. Оның бір ғажап әдеті бар екен – күн сайын базарға бара жатып, өзен үстіндегі көпірде тоқтап, суға бір нан тастап кетеді екен. Мұның сырын сұрағандарға:
– Әкем маған солай істеуді өсиет етті. Жақсылық жасай бер. Суға лақтырсаң – балық білер, балық білмесе – Халиқ білер, – деп жауап береді екен.
Кейбірі мұны орынсыз деп, «наныңды кембағалға берсең болмас па еді» деп сөгіп те жататын. Бірақ наубайшы бір ғана нәрсені білетін: Алла менің амалымды көріп тұр!
Сол елдің патшасының жалғыз ұлы бір күні қайықпен серуенге шығып, дауылға тап болып, теңізге батып кетеді. Көп ұзамай, патша үмітін үзіп, баласын жоқтауға мәжбүр болады. Алайда арада біраз уақыт өткенде, теңізбен жүзіп келе жатқан бір топ саудагер адамсыз аралда әлдекімді кезіктіреді. Сөйтсе, бұл – ханзада екен. Ол:
– Күн сайын дәл бір уақытта су ағысымен бір нан келіп тұрады. Соның арқасында аман қалдым, – депті.
Патша бұған таң қалып, әлгі нанды суға лақтырып жүрген адамды тауып әкелуді бұйырады. Тексере келе наубайшының бұл әдетін бірнеше жылдан бері үзбей жасап келе жатқаны анықталады.
Патша көз жасын тыя алмай:
– Сенің бір үзім наның ұлымның өмірін сақтап қалды. Шынайы жақсылықтың ешуақытта зая кетпейтінін дәлелдедің, – деп оған зор құрмет көрсетіпті.
Қадірлі оқырман! Кейде біз де: «Мына адам жақсылығымды бағаламайды» немесе «Бұл адамға жасаған жақсылығым бекер болды» деп өзімізге есеп бергіміз келеді. Бірақ шынайы жақсылық – тек Алланың разылығы үшін жасалуы тиіс. Тіпті, жасаған жақсылықты ұмыту – дініміздің талабы.
Даналарымыз: «Жамандық пайда етпейді, жақсылық зая кетпейді» деп бекер айтпаған. Ең бастысы – жақсылық өз иесін тауып, түбінде өзімізге қайтады.
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Т.Рысқұлов ауданы