ХАДДАДИЛЕР АҒЫМЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

ХАДДАДИЛЕР АҒЫМЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Хаддадия – ислам әлеміндегі аз танымал, бірақ белгілі бір топтар арасында ықпалға ие болған діни ағым. Бұл ағым салафизм, уахабизм идеологиясынан тарайды. Бұл бағыттың атауы оның негізін қалаушы, ХХ ғасырда өмір сүрген шейх Махмуд әл-Хаддадтың есімімен байланысты. Мысырда дүниеге келген Махмуд әл-Хаддад Сауд Арабиясына көшіп, Мәдина қаласында білім алады. Хаддадия ағымы негізінен салафизм идеологиясынан шыққанымен өзіне тән ерекшеліктері бар және көптеген мұсылман ғалымдары тарапынан сынға ұшыраған. Бұл топ өздерінің қаттылығымен танымал. Тіпті уахабизм идеологиясында жүрген басқа да топтар бұларды «шектен шыққан, күпірмен айыптау» сынды пікірлерімен сынға алады. Хаддадия ағымы Сауд Арабиясында пайда болған және өз уағыздарында шариғатты қатаң ұстануды талап етеді. Оның негізін қалаушы Махмуд әл-Хаддад және өз заманының көптеген дәстүрлі Ислам ғалымдарынан өзгеше көзқарастарды ұстанған. Дегенмен бұлардың кең таралған жері - Йемен. Топтың басты идеологтарының бірі - Абдулла әл-Жарбу.

Хаддадия ағымы басқа салафилік ағымдардан мынадай ерекшеліктерімен айқындалады:

  1. Басқа мұсылмандарға деген қатал көзқарас – хаддадшылар өздерінен өзгеше сенімдегі мұсылмандарды бидғатшылар (дінге жаңалық енгізушілер) деп санап, оларды қатты сынға алады. Тіпті кім олардың пікірінше, бидғатшы атанғандарды бидғатшы санамаса, оны да бидғатшылардың қатарына қосады.
  2. Діни көзқарастағы қатаңдық – Олар Ислам заңдарын өте қатаң ұстанады және басқа мұсылмандарды да соған шақырады.
  3. Ғалымдарды мойындамау. Хаддадия өкілдері дәстүрлі Ислам ғалымдарының көбін бидғатшылар қатарына жатқызып, тек өздеріне жақын көзқарастағы адамдарды ғана мойындайды.
  4. Салафизмнің басқа тармақтарымен келіспеушілік. Олар өздерін таза салафиттер санап, басқа салафилерді де сынайды.
  5. Такфир бағыты. Өздерімен келіспеген топтың бәрін күпірлікпен айыптау. Сондықтан да сәлем берген адамдарға «сен кәпірсің немесе бидғатшысың» деген айыппен сәлем қайтармайды.

Ислам әлеміндегі көптеген ғалымдар хаддадия ағымының ұстанымдарын тым радикалды деп бағалайды. Олар бұл ағым өкілдерінің басқа мұсылмандарға қатысты төзімсіздігін және мұсылман үмбетінің бірлігіне қауіп төндіретінін алға тартады. Кейбір сәләфиттік ғалымдар да хаддадшылардың тәсілін шектен тыс деп есептейді. Әсіресе сәләфилік бағыттағы мадхали ағымы бұл топты такфир (күпірлікпен айыптау), табдиғ (бидғатпен айыптау) және тафсиқте (үлкен күнәмен айыптау) шектен шыққан топ деп сынайды.

Хаддадия ағымы – Исламдағы қатаң ұстанымдары мен басқа ағымдардан өзгеше көзқарастарымен ерекшеленетін сәләфилік бағыттың бірі. Алайда оның радикалды әдістері мен басқа мұсылмандарға деген қатынасы Ислам әлемінде үлкен дау тудырып келеді. Бұлар уахабизмның тым радикалды жолын ұстанса, ортадаксалды, орта жолын мадхали тобы ұстанатыны мәлім. Бұл топтардан елімізге қауіп бар. Ата-бабамыз ұстанған асыл дінімізге кір келтіріп, дінді тек қатаң, жаман тұрғысынан көрсететін бұл топ радикалды ағым болып қала бермек.

 

Асқар ЗӘКІРЖАНҰЛЫ,

Жамбыл облысының Бас имамы

Мұнара газеті, №6, 2025 жыл

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: