Неке қию — Пайғамбарымыздың сүннет амалдарының бірі. Араб тіліндегі "ән-никах" сөзі шариғатта екі жұптың бір-біріне адал болуға, халал қарым-қатынас орнатуға бағытталған ұғымды білдіреді. Бұл – тек рәсім емес, адамның Алла алдында, қоғам және өзінің алдында үлкен жауапкершілікті мойнына алуы.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):
«Үйленіңдер, көбейіңдер, қиямет күні үмбетімнің көптігімен мақтанамын», – деген хадисі арқылы неке құрудың исламдағы маңызын айқындап кеткен.
Исламда неке – адалдық пен жауапкершіліктің, жүрек тыныштығы мен мейірімділіктің негізі. Ер мен әйел бір-біріне махаббатпен, түсіністікпен қарап, өмірде сабыр мен сыйластықты сақтап, өзара қамқорлықпен бақытты отбасы құруға ұмтылуы қажет. Мұндай ортада өсіп-жетілген бала да өнегелі тәрбие алады.
Мұсылман ер азамат болашақ жарын таңдау барысында тек сыртқы сұлулығына емес, ең алдымен дініне, ақылына, тақуалығына мән бергені абзал. Себебі ол – болашақта өз балаларының анасы. Бұл жөнінде хадис ілімінің атасы Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мына хадисті жеткізеді:
«Әйелге төрт сипатқа бола үйленеді: мал-дүниесі, тегі, сұлулығы және діні үшін. Сен діндарын таңда! Әйтпесе опық жейсің», – деген.
Дегенмен, дінді басты орынға қоюмен қатар, жақсы мінез-құлық пен сұлулықты да назардан тыс қалдырмаған жөн.
Некелік келісімшарт — Алла алдында екі тараптың жасаған қасиетті уәдесі. Бұл келісім арқылы ер мен әйел Ислам талаптарына сай өмір сүруге және отбасы өміріндегі міндеттерді орындауға келісім береді. Егер неке шарттарының бірі орындалмаса, неке дұрыс саналмайды. Мұндай некеден туған балалар шариғатта «некесіз» болып есептеледі. Сондықтан неке қиыларда барлық шарттардың толық орындалуы маңызды.
Неке қиюдың негізгі төрт шарты бар:
-
Қамқоршының (уәлидің) келісімі. Уәли ретінде, әдетте, қалыңдықтың әкесі, атасы, ағасы және сол сияқты туыстары болады. Егер туыстары болмаса, уәли рөлін жергілікті мешіттің имамы атқара алады.
-
Қыздың келісімі.
-
Кем дегенде екі әділ куәгердің қатысуы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Неке — уәлидің келісімімен және екі әділ куәгердің қатысуымен қиылады», — деген. -
Нақты келісімшарттың жасалуы.
Неке рәсімін кез келген тілде өткізуге рұқсат. Бірақ куәгерлер айтылып жатқан сөздерді түсінуге тиіс.
Қалыңдықтың уәлиі мен куәгерлер мына шарттарға сай болуы керек:
-
Мұсылман болуы;
-
Кәмелет жасына толған, есі дұрыс және әділ болуы;
-
Жақсы мінез-құлық иесі, ниеті таза адам болуы;
-
Есту, көру, сөйлеу қабілеттері толық болуы.
Неке қиярда күйеу жігіт қалыңдығына маһр береді. Бұл – шариғатта әйелдің ақысы ретінде белгіленген сый. Кейбір халықтарда маһр қалыңдықтың ата-анасына берілсе де, исламда ол тек әйелдің өзіне тиесілі. Бұл – жанұядағы келісім мен бейбітшілікті сақтауға бағытталған сүннет.
Егер отбасы салиқалы болса, қоғам да тұрақты дамиды. Бүгінде орын алып жатқан көптеген әлеуметтік мәселелердің шешімі — мықты отбасында жатыр.
Сондықтан Ислам діні некені аса маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырады. Ол ерлі-зайыптылардың арасында ізгілік пен татулық орнату үшін нақты қағидалар мен шарттарды бекіткен.
Үмбет Сабырханов
Әл-Хақ мешітінің имамы,
Т. Рысқұлов ауданы