Аудандық «Бәйдібек» мешітінің наиб имамы Азамат Балхожаев, «Домалақ ана» мешітіне келген жамағатқа «Ысырап Алла сүймейтін іс» тақырыбында уағыз-насихат жүргізді. «Ысырап» сөзінің тілдік мағынасы, дүние-мүлкіңді, керек-жарағыңды орынсыз шашу, артық шығынға жол беру, мөлшерден артық ішіп-жеу, уақытыңды дұрыс қолданбау, Алла Тағаланың сыйлаған әрбір нығметін өз орнымен қолданбау дегенді білдіреді. Ысырапқор адам берілген нығметке қанағатсыздық танытып, тек іше берсем, жей берсем, үсті үстіне бола берсе деген тоғышарлық мінез танытады. Олай болса, ысырапқа бармау үшін үнемшіл болу қажет.
Үнемшілдік – шектен тыс кетпеу, керегінен аз немесе көп жұмсаудан алыс болу, яғни орта деңгейді ұстай білу. Үнемшілдік – шүкіршіліктің белгісі. Үнемшіл адам Алланың берген нығметтерінің қадірін біледі. Сондай-ақ құрметпен қарап, ондағы Алланың мейірімі барын сезініп, өзіне берілген сый-сыяпаттың қадірін түсініп, оны босқа жұмсаудан тартынады. Белгілі бір өлшемде ғана қажетіне жұмсайды. Осылайша Жаратушының бергенін қанағат қылады. Оларды тиімді жұмсау біреудің қолына телміруден құтқарады. Және де өз ар-намысын сақтаумен қатар сарқылмас берекеге кенелтері сөзсіз.
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі