Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылдық мешітінің имамы Батыр Қырықбайұлының ұйымдастыруымен 40 мұқтаж отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді. Қайырымдылық көмек күнделікті тұтынуға ең қажетті азық-түлік арқылы жасалды. Қайырымдылыққа ауыл имамымен қатар, ауыл әкімі және ауыл жамағаты үлес қосып, ерікті болып қайырымдылықты таратуға ат салысты.
Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол:
«Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген.
Өз отбасымыздан бастап, көрші-қолаң, ағайын-туыстарға, жалпы жұртқа шарапатымызты шашып, қайырымдылығымызды көрсету – мұсылмандық әрі азаматтық борышымыз.
Алла Тағаланың бір адамның ризығы мен нығметін өзге кісілерден артық не кем беріп қоюында үлкен хикмет бар. Демек, байдың малында мұқтаждың хақысы бар деген сөз. Дәулетті кісі Алланың берген нығметін Оның разылығы жолында садақа етсе – үлкен сауапқа кенеледі.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі