Қызға қырық үйден тыйым салатын дана халқымыздың "Әжелер мектебін" жаңғырту, тәрбиелік ұстанымын ұлықтау мақсатында Тараз қаласындағы «Кеңесхан қажы» мешітінде дөңгелек үстел өтті.
Шара аясында Жамбыл облыстық «Әжелер алқасының» мүшелері ұлттық салт-дәстүр мен ұлт тәрбиесінің өзара байланысы жөнінде тағылымды әңгімелер айтып, жастарға тілашар, сүндет той, тұсаукесер және бесік той секілді ұлт мерекелерінің шариғатқа сай атқарылу тәртібін кеңінен түсіндірді.
Көпшіліктің қатысуымен тұсаукесер мен бесікке салу дәстүрі нақты іс жүзінде көрсетіліп, жиын ерекше әсер сыйлады. Апамыз немересін айтулы шарада бесікке салып, ұлттық тәрбиенің көркем үлгісін паш етті.
Ұлттың ұлы құндылықтары ұрпақ санасына әжелер мектебі арқылы сіңірілсе, болашақтың діңгегі нық, тәрбиесі кемел болары анық. Халқымыздың қазынасын қайта тірілткен бұл жиын — рухани жаңғырудың нақты көрінісі болды.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі