Шу ауданы «Төле би» мешітінде рухани мазмұнға толы ерекше іс-шара өтті. Аудан көлемінде ұйымдастырылған «Алланың 99 көркем есімдері» атты жарысқа төрт мешіттің шәкірттері қатысып, Алла Тағаланың ұлық сипаттарын жатқа айтып, өз білімдерін тартысқа салды.
Жарыс 6 кезеңнен тұрды. Қатысушылар әр бөлімде білім, зеректік пен шынайы ықылас таныта білді. Бағалау ұпайлар арқылы жүргізіліп, әділ қазылар шешімімен жеңімпаздар анықталды.
Бас жүлдені — «Төле би» мешіті,
1 орынды — «Жәми» мешіті,
2 орынды — «Кәрібай молда» мешіті,
3 орынды — «Күнту баба» мешіті иеленді.
Жүлделі орындарға қаржылай сыйлықтар табысталып, шара соңында барша қатысушылар мен қонақтар үшін әдемі фуршет ұйымдастырылды. Ақ жаулықты аналар ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін жаудырды. Шараға қатысқан шәкірттердің имандылыққа деген ұмтылысы мен білімге құштарлығы көрініп тұрды.
Алла Елшісі (с.а.у.) бір хадисінде:
«Кімде-кім Алланың 99 есімін жаттап, соны бойына сіңірсе, жәннатқа кіреді» — деген (Бухари, Муслим). Бұл жарыс дәл осы хадистің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдегендей.
Іс-шараны ұйымдастырушы ұстаз — Насихат Доғдырбайқызы, «Төле би» мешітінің рухани тәрбие жолындағы белсенді ұстазы. Сайыс соңында «Осы сауапты іске үлес қосқандарыңыз үшін Алла разы болсын, білімдеріңіз артып, имандарыңыз күшейе берсін!» - деп білікті маман жылы лебізін білдірді.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.