«Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында Меркі ауданы, Андас батыр ауылы «ар-Рахим» мешітінің имамы Алтынбеков Абдулла шекара қызметкерлеріне отбасы құндылығы жайлы және құмар ойын, лудоманияның отбасына келтіретін зияны турасында уағыз-насихат айтты.
Алла Тағаланың бұл өмірде адам баласына берген үлкен нығметінің бірі – шаңырақ көтеріп, отбасылы болу. Отбасын құру – барлық пайғамбардың сүннеті. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Рағыд» сүресінің 38-аятында: «Расында сенен бұрын да пайғамбарлар жібергенбіз. Оларға да жұбайлар, ұрпақтар бергенбіз», – деп айтылған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Некелесу – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімді орындамаса (бас тартса), менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін. Кімде-кім үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Үйленуге шамасы келмесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза ол үшін қалқан болады», – деген. Отбасы бұл Алланың берген нығметі, қу нәпсіге бой алдырып, болмашы дүниенің қызылды-жасылына алданып, айрандай ұйып отырған отбасымызды бұзып алмайық.
Алла Тағала әрбіріміздің отбасымызға бақыт пен тыныштық нәсіп етсін!
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі