Қасиетті Рамазан айының құрметіне Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің ұйымдастыруымен Тараз қаласында ерекше қайырымдылық шарасы өтті. Игілікке бастайтын "Тегін такси" науқаны аясында мешіттің қаржыландыруымен 6 такси қала тұрғындарына ақысыз қызмет көрсетті.
Бұл игі бастама әсіресе Рамазан айында мешітке келушілер мен тұрмысы төмен отбасылар үшін үлкен қолдау болды. Тегін такси қызметін пайдалану арқылы тұрғындар мешітке, ауызашар орындарына және өзге де қажетті бағыттарға еш қиындықсыз жете алды.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралары халықтың бірлігін нығайтып, сауапты істерге үндейді. Қасиетті Қадір түні қарсаңында жасалған игі амал жамағаттың алғысына бөленіп, ерекше қуаныш сыйлады.
Бұл – тек көлікпен қамту ғана емес, қоғамға мейірім шуағын шашу, бір-біріне деген жанашырлықты арттыру. Осындай сауапты істердің көптеп атқарылуы – Рамазан айының берекесі мен рухани құндылықтарының көрінісі.
Алла Тағала барша қайырымды жандардың ниетін қабыл етіп, халқымызға амандық пен береке нәсіп етсін!
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі