ЖАМБЫЛ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ҚАДІР ТҮНІН ЕРЕКШЕ ЫҚЫЛАСПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

ЖАМБЫЛ ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ҚАДІР ТҮНІН ЕРЕКШЕ ЫҚЫЛАСПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Құран Кәрімде «мың айдан да қайырлы» деп дәріптелген Қадір түні – исі мұсылманның сағына күтер сәті. Бұл түнгі құлшылықтың сексен үш жылға тең келетінін білмейтін мұсылман кемде-кем болар… Сол үшін де жылына бір-ақ берілетін ұлы мүмкіндікті мұсылман қауымы құр жіберіп алмай, қапысыз дайындықпен өткізуге тырысады. Алланың үйі мешітте бас қосып, алақан жайып, Алладан дұға тілейді. Маңдайын сәждеге тигізіп, таң рауандап атқанша құлшылығын жалғастырады. 

Жамбыл өңірінің барлық қала, аудандарында Қадір кеші ерекше аталып өтті. Тараз шаһарының қақ ортасынан орын тепкен облыстық “Һибатулла Тарази” мешітінде ұлтты ұйыстырған ұлық мереке құптан намазымен басталды. Жамағатпен тарауық намазы оқылып, Рамазан бойы оқылған Құран хатымының дұғасы жасалды. Хатымды қари Бірлік Аманкелді мен Оспан Халитұлы оқып, Бас имам Асқар Зәкіржанұлы дұға жасап, жамағатқа насихат айтты. Сонымен қатар, Рамазан бойы хатым түсірген аталған Құран қариларына ерекше алғысын білдіріп, көпшілік құрмет көрсетті.  

Jambyl телеарнасынан мешітте тікелей эфир таратылып, имамдар тілшілерге сұқбат берді. Наиб имамдар қадір түні туралы түрлі уағыз айтып, көпшілікті рухани насихатпен сусындандырды. 

Құран түскен мүбарак түні үзіліс сайын Құран оқылып, еркін құлшылыққа уақыт берілді. Сондай-ақ, жамағатпен сұрақ-жауап викторинасы ұйымдастырылып, үздік шыққандарға кітаптар мен бағалы сыйлықтар табысталды. 

ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Жазира Иманалиева әйелдер жамағатына арнайы уағыз айтып, сұрақтарға жауап берді. Қадір кешінің мән-маңызы түсіндіріліп, жамағатпен бірге дұға жасалды. Құлшылық уақытын тиімді өткізу мақсатында әйелдерге Құран оқыту, зікір айту және ғибадат етуге бағытталған арнайы бағдарлама ұйымдастырылды.

Сонан соң мешітте Қадір түнін өткізуге келген, ауыз бекіткен жұртшылыққа сәресі асы таратылды. Таң қылаң бере жамағатпен бірге таң намазы оқылып, мешіттегі қасиетті кеш өз мәресіне жетті. Жиналған мұсылман қауымы бұл түні егеменді еліміз бен кең байтақ жеріміздің амандығын тілеп, бейбітшілігіміздің баянды болуын сұрады.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

“Һибатулла Тарази” мешітінің баспасөз қызметі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: