Рамазан айының қасиетті Қадір түніне орай Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде сауапты іс жүзеге асты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен, жанашыр азаматтардың демеушілігімен "ШАРАПАТЫ МОЛ ҚАДІР ТҮНІ" науқаны аясында 270 отбасыға азық-түлік себеті үлестірілді.
Игі шара барысында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы жиналған көпшілікті Рамазан айымен құттықтап, Қадір түнінің мәні мен маңызы жайында насихат айтты. Ол бұл түннің мүміндер үшін ерекше сый мен сауапқа толы екенін атап өтіп, барша жамағатқа дұға жасап, ізгі тілегін білдірді. ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы "Зекет" өкілі әрі Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаев та сөз сөйлеп, көпшілікке қасиетті айтың берекеті туралы айтты.
Қайырымдылық көмек аясында мұқтаж жандарға қажетті азық-түліктер үлестірілді. Әр отбасыға 5 кг ұн, 2 кг макарон, 2 кг күріш, 2 кг қарақұмық, 2 кг қант, 200 гр шай, 2 л күнбағыс майы, 3 кг картоп, 3 кг пияз, сондай-ақ конфет пен печенье берілді.
Бұл игі іс қасиетті айдың берекесін сезіндірумен қатар, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қоғамда мейірімділік пен бірлік рухын нығайтуға септігін тигізді. Алла Тағала барша демеушілер мен атсалысқан азаматтардың жасаған қайырымдылығын қабыл етіп, мұқтаж жандардың жүрегіне қуаныш ұялатсын!
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі