Атаннан қалған ас емес

Атаннан қалған ас емес

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл арақты ішіп еді қай бабаң? Ішпек түгіл ауызында шаймаған. Алла бізге арам деді арақты, Зияны көп болғаннан соң пайдадан.

Қазақ – салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын қадірлеген, дінін берік ұстанған халық. Ата-бабаларымыз ішімдікке жирене қарап, "кәпірдің сасық сусыны" деп ат қойған. "Сасыған арақ ас болмас, ішпеген адам мас болмас" деген қағиданы берік ұстанып, дастарқанынан арам нәрсені аулақ ұстаған. Ал бүгінде ішімдіктің кең етек жаюы неліктен? Бабаларымыз жиіркенген арақ бүгінде неге қазақтың төрінен орын алды?

Қазақтың тойы – қуаныш пен берекенің белгісі. Қыз ұзату, беташар, бесік той, тұсаукесер, шілдехана – әрқайсысы өзіндік мән-мағынаға ие. Бірақ бүгінде сол той-думан ішімдіксіз өтпейтіндей көрінеді. Біз неге осыншалық құлдырадық? Кеңес үкіметін кінәлаймыз, бірақ оның құлағанына да 30 жылдан асты. Дініміз қайта жаңғырып, құлшылығымыз күшейді. Сонда да арақтан арыла алмауымыздың себебі не?

Орыстың отарына түскен заманда да ішімдікке бой алдырмаған қазақ бүгінде ішімдік ішу жағынан орыс халқының өзін басып озды. Бұл – үлкен қасірет. Кімді кінәлаймыз? Қоғамды ма, заманның өзгеруін бе? "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" дейді дана халқымыз. Егер дәл қазір ойланбасақ, келер ұрпақ қандай күйге түседі? Бала ата-анасынан қандай өнеге алады? Бүгінде араққа, темекіге бала жұмсайтын ата-аналар бар. Ертең олардың баласы сол әдетті жалғастырса, кімді айыптаймыз? "Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені" деген сөз бекер айтылмаған.

Жазушы Оралхан Бөкей: "Кемшіліктің кебін ешкім киіп тумайды. Кемшілікті көрсететін – үлкендер" дейді. Бүгінде ішімдікке салынған отбасылар көп. Арақтың кесірінен қаншама жанұяның шаңырағы шайқалып, қаншама адам сүйгенінен, бауырынан айырылып, қара жамылды? Мас күйінде көлік айдап, қаншама жазықсыз жандардың өмірін қиғандар қаншама?

Ислам дінінде ішімдікке қатаң тыйым салынған. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Шын мәнінде, Алла ішімдікті таратқандарды, таратылған жерлерді, ішкенді, ішкізгенді, тасығанды, сатқанды, сатып алғанды, түскен пайдасын жегендерді лағынеттеді" деген. Егер жүрегінде титтей иманы бар адам бұл хадисті естісе, бей-жай қарамасы анық.

Әрбір мұсылман адал ризық табуға міндетті. Ішімдік сату – Алланың үкіміне қарсы шығу. Алланың қаһарына ұшырау – адам үшін ең ауыр жаза. Құранда: "Сендерге нәсіп еткен пәк таза ризықтарымыздан жеңдер, бірақ шектен шықпаңдар. Өйтпегенде, сендерге қаһарым түседі. Ал кімге қаһарым түссе, ол сөзсіз, залал табады" (Таһа 81) делінген.

Арақ – аждаһа, арақ – бүлік, арақ – қайғы. Біз өз болашағымызды ойласақ, бүгіннен бастап бұл кесапаттан бас тартуымыз керек. Бабаларымыз ішімдікке жақындамаған, бізге де сол өнегені ұстану парыз.

Өмір бір-ақ берілер,
Таңда жолдың тәуірін.
Арақ деген періден,
Алшақтау жүр, бауырым!

Зүлфухар Түзелбаев
"Төртбай ата" мешіті

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: