Ұлтты байланыстыратын – татулық пен ынтымақ. Тәуелсіз Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Алға қойылған ортақ мақсаттың арқасында елдегі өзге ұлт өкілдері арасындағы тұрақтылық сақталып келеді. Бізді біріктіретін – бірлік пен достық. Мұны өңірде қоныстанған этнос өкілдері де жақсы түсінеді. Достық – адамдар арасындағы құрмет қана емес, қоғамды тұрақтылыққа жетелейтін, мәдениетке тәрбиелейтін күш.
Татулық пен бірлік – Ислам шариғатында да қастерленген басты ұғымдардың бірі. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде:
"...Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды. Оның игілігімен туысқа айналдыңдар..." (Әли Имран сүресі, 103-аят) – деп баяндалады.
Адамдар арасындағы достық адал ниет пен таза жүректен басталуы тиіс. Мұндай сыйластықтың ғұмыры ұзақ, әрі ол келер ұрпаққа үлгі болмақ. Ал жүрек пен ниеттің шынайылығы – бұл өмірде ғана емес, ақыретте де үлкен маңызға ие. Хадис-шәріпте:
"Жамағатта (бірлік пен ынтымақта) рақым бар, ал бөлінушілікте азап бар", – делінген.
Расында, елді ұйыстыратын – бірлік пен өзара түсіністік. Мұндай адамгершілік қасиеттер болмаған жерде береке де қашады. Мұны күнделікті өмірден байқап та, біліп те жүрміз. Сондықтан өлшеп берілген өмірде адамгершілік құндылықтарды сақтағанымыз абзал.
Тәртіп пен ынтымақ бар жерде Алланың рақымы түседі, жәрдемі мен берекеті болады. Берекет дегеніміз – аз нәрсеге қанағат ету, барыңды бағалай білу.
Дінаралық және ұлтаралық түсіністік – ел дамуының басты өлшемі. Бұл туралы Құран Кәрімде:
"Сіздерді Біз бір атадан, бір анадан жараттық, бір-біріңмен танысып, білісу үшін түрлі ұлттар мен руларға бөлдік", – деген аят бар. Барша мұсылман – бір-біріне туыс, бауыр. Бұл – Ислам дінінің басты қағидаларының бірі.
Ендеше, ел болып ынтымағымызды арттырғымыз келсе, татулықты сақтауымыз қажет. Әлемді нұрландыратын, адамдарды жақындастыратын ең маңызды нәрсе – адамгершілік қасиеттер. Егемендігіміз тұрақты, елдігіміз баянды, ертеңіміз жарқын болуы – біздің бірлігімізге байланысты. Ал бұл құндылықтарды сақтау – әрбір азаматтың міндеті.
Нұрбол Төреқұлов
"Тәңкібай ата" мешітінің имамы, Тамды ауылы