Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.), оның отбасы мен барлық сахабаларына салауат пен сәлем болсын.
Құлшылықтың маңызын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біздерге анық түсіндіріп, өзі үлгі етіп көрсетіп кеткен. Жалпы адам баласы неге құлшылық етуі керек? Себебі Алла бұйырғаннан кейін құлшылық ету – біздің міндетіміз. Алла Тағала бізге сансыз нығмет берді: аспан, тау, жан-жануарлар, жауын-шашын, түрлі жеміс-жидектер, сондай-ақ адамға денсаулық пен саналы ақыл берді. Осындай нығметтердің барлығын көре отырып, адам баласы Алланың бар екенін мойындап, оған сеніп, құлшылық етуі қажет. Қасиетті Құранда Алла Тағала айтқан әмірлерге мойынсұнып, ғибадаттарын орындап, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйреткен жолмен амал етсек, біз шынайы бақытқа жеткен құлдардың қатарында боламыз.
Құрметті бауырлар, бізге қамшының сабындай қысқа ғұмыр берілген. Алла Тағала Құранда: "Маған құлшылық етіп, мұсылман күйінде келіңдер" деп бұйырады. Егер Алла өзін бізге көрсетсе, онда сынақ болмай қалар еді. Бірақ ол бізге көрінбей-ақ, өзінің құдіретін сезініп, иман келтіруімізді қалайды.
Алла Тағала құдси хадисте былай дейді:
"Ей, адам баласы!
– Билік иелерінен қорықпа, менің патшалығым мәңгі, ол ешқашан жоғалмайды.
– Ризығың жетпей қала ма деп алаңдама, менің қазыналарым шексіз және сарқылмайды.
– Мен сені Өзіме ғибадат ету үшін жараттым, ендеше өміріңді бос өткізбей, құлшылық жаса. Ал сенің ризығыңды мен дайындап қойдым, оны қалай табамын деп өзіңді шаршатпа.
– Менің бергеніме разы болсаң, жүрегің мен денеңді тыныштыққа бөлеймін. Ал егер разы болмасаң, дүниені сен үшін уайымға айналдырамын, сонда да мен жазғаннан артығын таба алмайсың.
– Мен жер мен көкті жараттым, ол маған қиын болмады. Сені бір үзім нанмен асырау да маған қиын емес".
Алла Тағала баршамызға шынайы иман беріп, ықыласпен құлшылық ететін құлдарынан етсін! Жасаған ғибадаттарымызды қабыл етсін! Әмин.
Арсен Жетібайұлы
Мойынқұм ауданы, Қарабөгет ауылы мешітінің имамы