Егер ұстап жатқан оразаңыздың сауабының артуын қаласаңыз, әрі одан рухани тәлім алғыңыз келсе, оразаның төмендегі негізгі сүннеттеріне мән беріңіз.
Біріншісі – сәресін ішу. Тіпті бір жұтым сумен болса да сәресін ішуге тырысыңыз. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Сәресі – берекелі іс. Оны бір жұтым сумен болса да тәрк етпеңдер. Өйткені Алла және Оның періштелері сәресін ішушілерге салауат айтады", – деген (Имам Ахмад риуаяты).
Екіншісі – ауыз ашу уақыты кірісімен кешіктірмей ауыз ашу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Пайғамбар (с.ғ.с.) (шам) намазын оқымай тұрып бірнеше құрмамен, егер құрма табылмаса, бірнеше жұтым сумен ауыз ашатын" (Әбу Дәуд, Нәсәи риуаяты).
Үшіншісі – ауызашар дұғасын жасау. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ауыз ашқан кезде мына дұғаны оқитын:
"Зәһәбәз-зәмәу уәбтәләтил-'уруқ уә сәбәтәл-әжру, иншааллаһ"
Мағынасы: "Шөл кетті, тамырлар нәр алды, Алла қаласа сауап бекітілді" (Әбу Дәуд риуаяты).
Төртіншісі – ораза ұстаушыларға ауызашар беру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде-кім ораза ұстаушыға ауызашар берсе, оған да ораза ұстаған адамның сауабындай сауап жазылады", – деген (Имам Тирмизи риуаяты).
Бесіншісі – Алланы зікір ету, шүкір ету.
Алтыншысы – Құран Кәрімді көп оқу, оның мағынасына ой жүгірту.
Жетіншісі – дұға жасау, садақа беру, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару, науқастарды зиярат ету, туған-туыстармен қарым-қатынасты нығайту секілді ізгі амалдармен айналысу.
Рамазан – қасиетті, рақым мен кешірімге толы ай. Бұл ай – иманымызды күшейтіп, жүрегімізді тазартуға мол мүмкіндік берілген берекелі уақыт. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Рамазан айында күнәлары толық кешірілмеген кісінің мұрны жерге тисін", – деген (Имам Тирмизи риуаяты). Бұл хадис бізді Рамазанның мол игіліктерінен құр қалмауға шақырады.
Қорытындылай келе, Рамазан – мұсылмандар үшін Жаратушының үлкен нығметі. Бұл айда барынша Құран оқып, оның мағынасына терең бойлап, ғибрат алуымыз қажет. Сондай-ақ, ізгі амалдар жасап, сауапқа кенелетін, өзімізді рухани кемелдендіретін ай екенін естен шығармайық.
Алла Тағала бұл айдың берекетін баршамызға нәсіп еткей!
Үмбет Сабырханов
Әл-Хақ мешітінің имамы