Қазақ халқы қонақжайлығы арқылы ерекшеленген халық. Әсіресе, үйінде үлкені бар шаңырақтың дастарқаны қонақ күтуге әрдайым дайын болған. "Қонақ келсе, құт келер" деген халық даналығы қазақтың меймандостық қасиетінің дәлелі. Бұрындары қазақтың үйінен қонақ үзілмеген, әрбір келген мейманды ерекше құрметпен қарсы алып, барын алдына тосатын.
Қазақ халқында қонақтың бірнеше түрі бар: арнайы шақырылған қонақ, қыдырма қонақ, қылқыма қонақ, құдайы қонақ және т.б. Солардың ішінде ерекше орны бар – құдайы қонақ. Бұл – шалғай жерден жолаушылап келе жатқан, үй иесімен еш таныстығы жоқ бөгде қонақ. Қазақ халқында мұндай жолаушыны ерекше құрметтеп, төрінен орын ұсынып, дастарқанын жая білген.
Халық ақыны Нүсіпбек Байғанин өз өлеңінде құдайы қонақты күтпеген байды сынға алып:
"Құдайы қонақ келмеген,
Бір аяқ ас бермеген,
Бөтен түгіл, өздері,
Мал рақатын көрмеген?" – деп жырлаған.
Қазақта құдайы қонаққа қызмет көрсетудің өзіндік дәстүрлері болған. Қонақ үйге шауып келмей, алыстан аттан түсіп, есік алдына жақындағанда «сөйлес» деп шақырады. Үй иесі оны жылы жүзбен қарсы алып, төрге шығарады. Жолаушы жазда келсе, арнайы мал сойылып, қыста келгенде соғым еті ұсынылған. Тіпті кейде қонаққа шапан жауып, шығарып салатын дәстүр де бар.
Құдайы қонақты ерекше құрметтеудің елдік мәні зор. Аңыз бойынша, Алаша хан балаларына кең байтақ жерді мирас етіп қалдырғанда, кез келген жолаушыны құрметтеу жөнінде өсиет айтқан. Бұл қағида қазақ даласындағы жолаушылардың қиындықсыз жүріп-тұруына жағдай жасаған. Құдайы қонаққа құрмет көрсетпеген үй иесіне жаза қолданылып, ат-тон айып төлеткен.
Сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
"Кімде-кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін" – делінген.
Қазақ халқындағы бұл дәстүр ғасырлар бойы сақталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Қонақжайлық – халқымыздың ең асыл қасиеттерінің бірі.
Нұрбай Айтөре
Сұлтан мешітінің наиб имамы