Асыл дініміз – адам өміріне ерекше ықпал етіп, өзіндік әдебін қалыптастырып, рухани жұтаған талай пенделерге азық болған. Ислам ізгілік пен тазалықты, бауырластық пен адамгершілікті айқын көрсететін жол. Осындай ізгіліктің нышаны болған илаһи дін қазақ даласына VIII ғасырдың орта тұсында келген. Сол кездегі қазақ даласын мекендеген көшпенді түркі тайпаларының наным-сенімі Ислам дініне өте жақын болды.
Негізінде, қазақ санасының танымы мен салт-дәстүрлердің ұлт болып қалыптасуында орны ерекше. Халқымыздың әрбір әрекетінде, бастамасында, тірлігінде салт-дәстүр айқын көрініп тұрады. Дәстүр мен тыйымдарда, Құран Кәрім мен пайғамбар хадистерінде көршіге деген құрмет өте жоғары қойылған. Ежелден келе жатқан «көрші ақысы» ұғымы Құран аяттарымен астасып пайғамбар хадистерінен нәр алған. Қасиетті Құран Кәрімнің, «Ниса» сүресінің 36-аятында: «Бір Аллаға құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар. Сондай-ақ жақын туыстарыңа, жетімдерге, кедей-кепшікке, жақын көршілеріңе, алыс көршілеріңе, (сапарлас немесе жақын) жолдастарыңа, (елінен жырақта жүрген) мұқтаж жолаушыға және қоластыларыңдағы құлдарың мен күңдеріңе жақсылық жасаңдар. Шүбәсіз, өзін әлдеқандай көретін мақтаншақты Алла жақсы көрмейді»,-деп баядаған.
Бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтпаған,ата- бабаларымыздан жеткен дәстүрдің бірі – қайтыс болған адамға Құран бағыштау. Көптеген мұсылман елдерінде кеңінен тараған үрдіс. Әһли сунна ғұламаларының басым көпшілігі арнайы бағышталып оқылған Құран сауабының өлілерге тиетіндігін айтуда. Мысалы: Ханбали, Ханафи мәзһабы бойынша және Шафиғи мен Мәлики мәзһабтарының кейінгі үлкен ғұламаларының пікірінше, барлық жасалатын жақсылықтардың, бағышталып оқылған Құранның сауабы өлілерге тиеді. Өмірден өткен ата-бабаларын, туған-туысқанын, құрбы-құрдастарын еске алу үшін жасалатын ғибраты мол құлшылық. Осындай дәстүрдің шариғатқа қарсы келетіндей ешбір тұстары жоқ.
Қасиетті Құран Кәрімде: «Сол мұһажирлер мен ансарлардан кейін келген (һәм солардың ізін қуған) мүміндер болса, Аллаға: «Уа, Раббымыз, бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре гөр...», (Хашр сүресі, 10-аят) деп баяндалған. Ата-бабаларымыз ежелден о дүниеліктерге арнап иәсин сүресін оқыған. Бұл жәйіттің өзі пайғамбар хадисінен алынған. Мағқал ибн Ясардан риуаят етілген. Мұхаммед (с.а.с.): «Өлілеріңе «Иәсин» сүресін оқыңдар!»-деп келеді. Сан мыңдаған жылдардан астам тарихы бар қазақ елінің өлілерге құрмет көрсетуі, халқымыздың парасаты мен даналағын тағы бір көрсетіп, паш етіп тұрғандай.
Қорытындылай келе, дін мен дәстүр бірлігі – ұлт болашағының кепілі. Дана ата-бабаларымыз бізге кең байтақ жерді ғана емес, ғасырлар бойы адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген, қазақтың баға жетпес рухани мұрасы ұлттық дәстүрлерді мирас етті. Ұлттық құндылықтарымыз еліміздің бірлігі мен берекесінің белгісі.
Серік Смайылов
Бірлік мешіті имамы