Жамбыл облысы Байзақ ауданы әйел-қыздар секторының жетекшісі Жанат Әмірханқызының ұйымдастыруымен «Ислам және отбасы құндылықтары» жылы аясында дін мен дәстүрді насихаттау мақсатында Рамазан айында ауызашар уақытында әйел жамағатына «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында насихат айтты.
Жанат Әмірханқызы: «Қазақ халқының күнделікті тұрмыс тіршілігі, әрбір іс-әрекеті Исламмен астасып жатыр. Мәселен, қазақтың ең үлкен дәстүрлі тойларының бірі – шілдехана. Баланың дүниеге келуі – бір ғана отбасының емес, бүкіл ауылдың, елдің қуанышы болған. Бала – өмірдің қызығы. Атам қазақтан «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген аталы сөз қалған. Сондықтан ата-бабаларымыз сәби дүниеге келген кезде салт-дәстүр бойынша жаңа туған нәрестеге арнап қой сойған. Бұл дәстүр шариғатта «ақиқа» деп аталады. Ал қазақ салт-дәстүрі бойынша «қалжа» делінеді. Атаулары бөлек болғанымен негізгі атқаратын міндеттері бірдей. Яғни туған нәрестенің амандығы және жаңа босанған әйелдің күш жинап, әлденіп алуына да пайдасы мол. Қазақтың ең үлкен дәстүрлерінің бірі шілдехана тойы да Ислам дінімен тығыз байланысты. Бұл дәстүр жаңа туған баланың туғанына қырық күн толғанда жасалады. Осы тұста шілдехана сөзінің қайдан шыққанына тоқтала кетсек. Шілдехана сөзі парсы тілінен енген.
Шил – «40», хана – «той» деген мағынаны білдіреді. Яғни босанған әйелге 40 күн толған күні ел жұрт жиналып, үлкен той жасап, нәрестені бесікке салады. Діни тұрғыдан айтар болсақ, босанған әйелге 40 күн аяқталған соң намаз оқып, ораза тұтуға, қажылыққа баруға, Құран кітабын ұстауға, күйеуімен жақындасуына рұқсат етіледі. Біздің қазіргі қоғамда, әртүрлі діндер мен түрлі өркениеттер тоғысқан тұста мұндай елдік, діни дәстүрлер толыққанды сақтала бермеуі мүмкін. Немесе дінді ұстанғансып, ділдік дәстүрлерімізден қалып қоятын жағдайға жол беріліп жатады. Керісінше салт-дәстүрлерді ұстандым деп, діни қайшылыққа да орын берілетін кездер аз емес. Жалпы жоғарыда айта өткендей, дәстүрдің дінімізбен, діліміз дәстүрімізбен өзара астасып жатса нұр үстіне нұр», - деді.