Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы Сарыкемер ауылы «Ар-Рахман» мешітінде Байзақ ауданына қарасты дін қызметкерлерімен кездесіп, «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында атқарылатын шараларға тоқталып, «Имамдық қызметтің маңызы» тақырыбында насихат айтты.
Асқар Зәкіржанұлы: «Имамды мешітте қызмет ететін діни қызметкер ретінде ғана танып, бағалап жатамыз. Дегенмен, елдің бірлігі мен ынтымағын сақтауға өлшеусіз үлес қосып жүрген патриот азамат, халықтың діни сауатын ашқан рухани ұстаз, қоғамның тұтастығын сақтауға атсалысып жүрген жан сияқты көзге көріне қоймайтын қаншама еңбегін елемей жататынымыз рас.
Имам – мешіттің ішіне ғана жауапты емес, тұтас бір ұлттың, руханиятқа, елдің бірлігіне тікелей жауапты тұлға. Имам – мұсылман қауымының ең бірінші тұлғасы, ұстазы, айнасы. «Имам» сөзі араб тілінде «қоғам айнасы, жетекші, көшбасшы» деген мағыналарды білдіреді.
Имам – дінге шақырушы. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай дәрежедегі имам болғанын барша мұсылман біледі. Өз қарамағындағы жамағаттың адал ас жеуін, құлшылығының мығым болуын, әділетсіздік жасамауын қадағалап, мейіріммен қарай біліп, зор сенімге ие болды. Соған сай жамағат та өз имамын барынша қорғаштап, оған зиян келтіргісі келгендерге қарсы тұрып, айтқан өсиеттерін жерге тастамады. Демек, имам ең алдымен тақуа, әділ әрі жанашыр бола білсе, жамағатының құрметіне бөленбек. Жалпы жамағат пен имамның арасында сенім, құрмет болған жерде діннің өркендейтіні ақиқат», - деді.