Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында Байзақ ауданында ұйымдастырылған имамдар арасында өткен спорттық шараны тамашалады.
Ауданға қарасты ауыл имам-молдалары дәстүрді жаңғырту мақсатында арқан тарту және қол күрестен бақ сынасты.
Облыс бас имамы Асқар Зәкіржанұлы: «Ата-бабадан аманат болып жеткен салт-дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұстанымдар болса, ал басым бөлігі асыл дініміздің әсерінен пайда болған дағды-әдеттер. Қазіргі аласапыран кезеңде біртұтас халық болып қалуымыз үшін алдымен тіліміз бен дінімізге һәм салт-дәстүрімізге берік болуымыз қажет. Ұлттық құндылықтарымызды лайықты қадірлеп, құныттай алмасақ, таным-түсінігіміз бен бітім-болмысымызға жат өзгелердің әспеттеп жүрген адамды арсыздыққа жетелейтін мәдениеті күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге әсер етуі мүмкін», - деді.
Шара қорытындысы бойынша арқан тартудан Кеңес ауылының имамы Жайлауов Әли бастаған топ алға шықса, қол күрестен Абай ауылының имамы Амиров Абдулбари жеңіске жетті. Жарысқа қатысып орын алғандарға 10 000 теңгеден сый берілді.