Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» деп оразаның қадірі мен қасиетін баяндаған. Исламның бес парызының бірі болған оразаның осы айда орындалатыны да сондықтан. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Әдетте, ораза ұстаған адам күндізгі уақытта ас-су ішіп-жеуге болмайтынын түсінеді. Шын мәнінде, бұл ұғым тек тамаққа ғана шектеу қоюмен сипатталмайды. Ораза кезінде тамақтан ғана емес, көзбен, қолмен, тілмен жасалатын күнәлардан, сондай-ақ кейбір әрекеттерден бас тарту керек. Мүмін ораза ұстай отырып, мұны өзінің Жаратушысы үшін жасайтынын және басқа ешқандай ниеті жоқ екенін айқын сезінуі тиіс.
Рамазан айында ораза ұстау мұсылманның бес парызының бірі. Бұл қасиетті айда ораза ұстағандар үлкен рақымшылыққа ие болады. Ал, оны ешқандай себепсіз ашқандарға үлкен күнә жазылады. Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза туралы: «Кімде-кім Рамазан айында Жарақаннан рақымшылық күту үшін үміт пен сеніммен ораза ұстайтын болса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» деген болатын.
Ораза ұстаудың артықшылықтарына тоқталар болсақ:
Біріншіден, ораза адамдарды жұмақ бақшасына кіргізетін кілт болмақ. Ол жайлы Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шынында, жұмақта «Ар-Райян» деп аталатын қақпа бар. Қиямет күні келгенде қақпадан ораза ұстағандар ғана кіреді. Бұл қақпа арқылы басқа ешкім кірмейді».
Екіншіден, ораза қиямет күнінде мұсылманның шапағатшысы болады. «Қиямет күнінде Ораза және Құран Кәрім Алланың құлы үшін шапағат етеді» деген хадис бар (Ахмед хадисі).
Үшіншіден, ораза күнәлардың кешірілетін айы. Сонымен қатар, Жаратушы ораза ұстаған мүміндердің барлық тілегін қабылдайды делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) : «Ораза ұстаған адамның ауыз ашу кезіндегі дұғасы ешқашан кері қайтарылмайды» деген болатын. Осыған орай, алғаш ораза ұстаушыларға оразаның мән-маңызын еске салуды жөн көрдік.
Ахмедов Қобланды
Жамбыл облысы Байзақ ауданы,
Сеңкібай ауылы «Жұмаділ ата» мешітінің имамы