Ислам дінінде ғибадат-құлшылыққа арналған арнайы бекітілген баптар бар. Мысалы, намаз, ораза, садақа, сапарға шығу, дәрет, зекет, көрші ақысы, неке және тағы басқалары. Кітапқа енгізілген бұл баптарды адам өз көңіл қалауымен бекітпейді, олар арнайы Алланың сөзі - Құран және Пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистеріне жүгіне отырып үкім шығарады.
Ал жиһадқа келер болсақ, бұл да Ислам дінінің бір бабы болып есептеледі. Жиһад сөзі тілдік және шариғаттық мағынада екіге бөлінеді. Тілдік мағынада "күрес" дегенді білдірсе, шариғаттағы мағынасы - діттеген мақсатқа жету жолында бойдағы күш пен қайратты жұмсау. Яғни, шариғат жиһад сөзін бір ғана мағынада қарастырмай, оны жан-жақты түсіну қажеттігін жеткізеді.
Алла жолында жан беріп, бойдағы барлық күшін сарп етіп соғысуды жиһад деп атайды. Осы соғыста ерлікпен дін үшін жанын қиып қаза болған адамдарды "шәһид" дәрежесіне көтерген. Дегенмен, қан төгіп соғысу - кіші жиһадтың бір түрі деп баға берген Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Бұл сөзімізге дәлел ретінде сүйікті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисін негізге аламыз. Бірде ең үлкен соғыстардың бірі - Табук жорығынан қайтып келе жатып, ардақты сахабаларына: "Кіші жиһадтан (жорықтан) үлкен жиһадқа (нәпсімен күресуге) оралдық", - деген екен.
Көптеген адамдар қолына қару алып, өзге біреулермен соғысып, жанын пида етуді жиһадтың негізгі көрінісі деп санайды. Бұлай ойлау жүрекке қатыгездік ұялатып, мейірімділіктен алшақтатады. Ислам діні мейірімділік діні болғандықтан, айналамыздағы барлық жаны бар жаратылыстарға мейіріммен қарауға бұйырады.
Жоғарыда айтылған хадиске зер салсақ, әрбір адам өзіне қарсы жиһад жасауы қажет. Ол қалай дейтін болсақ, әуелі ғибадат жасауымызға қарсы болған бойдағы жалқаулықты түбегейлі жеңіп, Құдайдың парыз еткен амалдарын орындау жолында табандылық танытуымыз керек.
Адам өзін өзгеден жоғары ұстағанды жаны қалайтыны белгілі. Мұны асыл дінімізде "тәкәппарлық" деп атайды. Тәкәппарлық адамның рухани жүрек көзін ластап, оны соқыр қапасқа айналдырады. Бұдан арылмаса, пенде тозаққа түсіп кету қаупі бар.
Хасад (көреалмаушылық) - іс жүзінде де, ішкі жан дүниеде де орын алатын жаман амал. Көреалмаушылықтың көрінісі - өзгенің жеткен жетістігі мен Құдай берген мал-мүлкін сырттай қызғану. Бұл қызғаныш сезімінен де бойды аулақ ұстау қажет. Бұл сөзімізге дәлел ретінде Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисін келтіре аламыз: "Қызғаныштан сақтаныңдар! Өйткені қызғаныш, от отынды жалмағандай, жақсылықты жалмайды".
Жиһадтың тағы бір түрі - мұқтаж болған жанға қол ұшын созу. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Жесір мен кедей-жарлыға қамқорлық еткен адам Алла Тағала жолында күрескенмен немесе күні бойы ораза ұстап, түні бойы намаз оқығанмен тең", - деп насихат айтады.
Демек, жиһад жолы бір ғана бағыттан тұрмай, сан тарам жолдардан құралатынын байқауға болады.
Р. Асылбек
Мойынқұм имамы