Қаралы үйде ас беру

Қаралы үйде ас беру

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қай кезеңде болмасын, бақилық болған жанды соңғы сапарға қастерлеп шығарып салу, бүкіл жөн-жосығымен аттандыру – артында қалған тірілерге үлкен міндет әрі сын. Адамды мәңгілік са­парға аттандыру түрлі тарихи даму жолынан өтіп барып, бүгінгі көрініске ие болып отыр.

Еліміздің көптеген тіпті барлық жерінде, өкінішке орай, қаралы үйде бірінші күнінен бастап мал сойылып, жаназаға қатысқандарға қазан-ошақ құрылып, дастархан жайылып тамақ беріліп жатады. Алайда, мұндай әдет-ғұрыптардың дінімізде алатын орны қаншалықты екенінен көпшілігіміздің хабарымыз жоқ.

Жаназа шыққан үй мейрамхана, кафе немесе шай ішіп демалып отыратын жер емес. Ол жерде керісінше көңіл айтып келгендермен көрісу, сабырлылыққа шақыру және қайғы-қасіретті бөлісетін жер. Көңіл айту, қайтқан адамның туыстарының одан бетер қайғыруы үшін емес, керісінше қайғысын бөлісіп жеңілдететін, сабырлы және бекем болуына көмектесу мақсатында болады. Осы жерде барлық нәрсенің өткінші екендігі, демек, адам Ұлы Аллаға тиесілі екендігі және барлық тірі жан қалай болғанда да Оған баратыны естеріне салынады.

Ислам дәстүрінде және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өсиетінде мүмкіндігінше тез орындалуы керек үш нәрсенің бірі – «жаназаны шығару» болса, жаназаны жерлемей тұрып құрбандық ретінде мал сойып, тойға шақырғандай тамақ беру ақылға да сыймайды және дін тұрғысынан да орынсыз.

Сахаба Жағфар (р. а.) қайтыс болғанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) айналасындағыларға: «Жағфардың үйіндегілерге тамақ әзірлеңдер, себебі олардың басына бір қиындық туды» деген. (Әбу Дәууд, «Сүнән»). Демек ислам діні бойынша ол үйде тамақ пісіріп, қонақтарға дастарқан жаю емес, керісінше көңіл айтып келген туыстары мен көршілерінің қаралы үйге тамақ ала келуі өсиет етіледі.

Бірақ қазіргі кезде қаралы үйлерде «басқалардың алдында ұятқа қалмайық», «жұрт күлмесін» деген оймен той секілді дастарқанды жайнатып тастайтын әдет белең алып барады. Өзі қара жамылып, қайғыға батып отырған шаңырақ дастарқандарын жайнатып қою үшін шығынға белшеден батып, кейбіреулері қарызданып, қайғысына қайғы жамайды. Бұл, әрине, дін тұрғысынан да, адами тұрғыдан да құптарлық дүние емес. Сондықтан ауыл ақсақалдары мен молдалары ақылдаса отырып, осыны болдырмаудың жолын қарастыру қажет. Егер ас беру міндетті түрде керек болса, ысырапқа жол бермей, 2020 жылы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ас беру кезінде дастарханға қойылатын мәзірді бекіткен:

  1. Ет
  2. Ыстық тамақ
  3. Нан, бауырсақ
  4. Қант, құрма
  5. Шай, су
  6. Құрт, ірімшік

Ас беру кезінде осы тағамдардан артық нәрсе қойылмағанға мән берген дұрыс. Бүгінде қайтқан адамға берілетін ас тойдан кем өтпейтіні аз айтылып жүрген жоқ. Қалталы адамдарға аста көкпар шаптырып, арқан тарттырып, балуандарды күрестіріп, бақилық болған ата-бабасының даң­қын асыру қиын емес шығар, алайда біздің қоғамның той мен өлімде бәсекеге түсіп, бірінен-бірі асып түскісі келетіні жасырын емес. Оны көзіміз көріп жүр. Шариғат пен дәстүрге сәйкес кел­мейтін, пайдасынан зияны көп кейбір  әдеттердің ел арасында кең етек жая бастауы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Алла Тағалы қасиетті құран кәрімде:

وكُلُواْ وَاشْرَبُواْ وَلاَ تُسْرِفُواْ إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ   

«...Жеңдер, ішіңдер және ысырап етпеңдер, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» деп ескертеді.

Алайда алыстан кісілер келгенде оларға тамақ берудің ешқандай айыбы жоқ. Бұл туралы Жәрир ибн Абдуллаһ: «Егер тамақ пісіру қажет болса, пісіруге болады. Себебі қаралы жерге жаназа үшін және көңіл айту үшін ауылдардан және алыстан келетіндер бар. Олар сол жерде қонақтап қалатын болса, онда тамақ пісіріп, оларды тамақтандыруға болады» деген (Уәһбатуз-Зухайли, «әл-Фиқһул- исламии»).

 Е. М. Аманбаев

Тараз қалалық орталық «Әулие ата» мешітінің бас имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: