Исламдағы әйел құқығы

Исламдағы әйел құқығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дінінде әрбір адамның, мейлі ол ер болсын немесе әйел болсын, қоғамдағы орны мен құқықтары құрметтеліп, ардақталған. Алла Тағала Құранда барлық адамдардың тең құқылы екенін және оларды бір жаннан жаратқанын былай деп баяндайды: "Әй, адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер мен әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар" (Ниса сүресі, 1-аят). Сондай-ақ, Жаратушымыз әйел баласына физикалық, әлеуметтік және рухани тұрғыдан ерекше мән берген. Күллі адамзат баласын құрметтеген асыл дініміз ер мен әйелді теңдей орынға қойған. Әже, ана, әпке-қарындастарымызды қадірлеуге, олардың намысын қорғауға бұйырды. Тіпті, Құран Кәрімнің үлкен сүрелерінің бірі арнайы "Ниса" ("Әйелдер") деп аталған. Сонымен қатар, Құранның 35 сүресінде және 100-ден астам аятында "әйел" сөзі келтірілген.

Исламнан бұрынғы надандық дәуіріне назар аударатын болсақ, әйелдердің құқықтары мүлде болмаған, тіпті олар аяқ асты етілген. Ер адам қайтыс болған кезде оның әйелі зат есебінде мирасқорлар арасында бөліске түсетін. Сондай-ақ, қыз балалар болашақта қару асынып, соғысқа қатыса алмайды, тұтқынға түсіп, намысымызды аяққа таптайды, кедейлікке себепкер болады деген сылтаумен тірідей көмілетін.

Ислам діні келгеннен кейін әйелдердің құқықтары мен мәртебесі көтерілді. Құранның оннан астам сүресінде және көптеген хадистерде әйелдердің құқықтары баяндалып, адамзатқа насихат етілді. Бұл аят-хадистер әйел баласының жоғары мәртебеге ие екенін айғақтайды.

Әйелдер де ер адамдар секілді діннің барлық амалдарын орындай алады: намаз оқиды, ораза ұстайды, жағдайы болса зекетін береді, қажылыққа барады. Әйелдер сауап алуда ер адамдармен тең құқыққа ие. Бұл жайында Құранда былай делінген: "Алла мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге астарынан өзендер ағатын, олар онда мәңгі қалатын бақшалар және Ғадін жәннатында көркем орындар уәде етті. Ал Алланың ризалығы – ең үлкен табыс. Міне, осы – ұлы жетістік" (Тәубе сүресі, 72-аят).

Ислам діні ерлерге өз әйелдерімен тату-тәтті ғұмыр кешуге, олармен әрдайым дұрыс мәміледе болуға бұйырады. Бұл туралы Құранда: "Олармен тату өмір сүріңдер. Егер оларды жек көрсеңдер, (біліңдер) сендер ұнатпаған нәрселерде Алла көптеген қайыр-береке беруі мүмкін" (Ниса сүресі, 19-аят), – деп баяндалады.

Шариғатта әйелдерге көптеген құқықтар берілген. Солардың бірі – білім алу құқығы. Білім алуға бұйырылған аяттар мен хадистер тек ер адамдарға ғана емес, әйелдерге де бағытталған. Ислам тарихында білім жолында биік дәрежеге жеткен әйел ғұламалар көп болған. Мәселен, Айша (р.ғ.) анамыз сахабалардың ішінде санаулы пәтуа берушілердің бірі еді. Көптеген сахабалар білмеген мәселелерін одан сұрайтын. Айша (р.ғ.) анамыз мирас мәселесін жетік меңгеріп, танымал ғалым сахабалар оған келіп кеңес алатын. Қазіргі таңда "әйелдер тек үй шаруасымен айналысып, білім алмаса да болады" деген пікір бар. Алайда, Ислам діні бұл ойды жоққа шығарады. Біз қыздарымызды да оқытып, оларды білімді, зерек, парасатты етіп тәрбиелеуіміз керек. Өйткені дана халқымыз "Ұл бала оқытсаң – бір адамды оқытқаның, қыз бала оқытсаң – бір ұлтты оқытқаның" деген.

Исламда әйел адам адал кәсіп пен өнер үйренуге де құқылы. Сонымен қатар, әрдайым ер адамдардың қамқорлығында болады. Әйел заты осы қамқорлықты дұрыс пайдаланып, білім алуы, өз абыройын сақтауы тиіс.

Ал ер адамдар отбасының асыраушысы болып, әйелін, балаларын қамтамасыз етуі – үлкен сауапты іс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сағд ибн Абу Уақас (р.ғ.) арқылы жеткізілген хадисте: "Сен (Сағд ибн Абу Уақас) Алланың разылығын табу жолындағы әрбір әрекетің, еңбегің үшін сауап аласың, тіпті әйеліңнің аузына салған тағамың үшін де сауап аласың" (Бұхари, Муслим), – деген.

Қорытындылай келе, әйелдерді құрметтеу – әрбір мұсылманның міндеті. Өйткені олар – біздің аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, жұбайларымыз, қыздарымыз. Әйелдер қауымы Ислам діні үшін үлкен мақтанышқа ие.

  • Бірінші болып Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) иман келтірген тұлға – Хадиша (р.ғ.) анамыз еді.

  • Бірінші болып Ислам үшін жанын құрбан еткен жан – Сумайя (р.ғ.) анамыз еді.

  • Бірінші болып Сафа мен Мәруа арасында жүгіріп, қасиетті Зәмзәм суын іздеген – Хажар (р.ғ.) анамыз еді.

Исламда әйел баласының қадір-қасиеті осы бір тарихи оқиғалардан-ақ көрініп тұр. Алла Тағала халқымызға тыныштық берсін. Асыл аналарымыз бен қыздарымызды шариғат көрсеткендей құрметтеуімізді нәсіп етсін!

Үмбет Сабырханов

Әл-Хақ мешітінің имамы Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: