Қордай ауданы, Сортөбе ауылдық мәдениет үйінде «Тәртіпті өзіңнен баста!» тақырыбында форум өтті. Шараны Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Аширбеков Санат Сағынбекұлы жүргізді. Жиынға аудандық мәслихат депутаттары, Қордай аудандық прокуратурасының аға прокуроры Сансызбай Сапарбекұлы, Қордай аудандық ардагерлер төрағасы Әлімбет Біржан Әбдікерімұлы, ауданның бас имамы Алмуханбетаранжан Айтмуханұлы, мектеп және колледж директорлары, білімгерлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.
Форум модераторы қатысушыларды таныстырып өткен соң, алғашқы сөз аудан прокуратурасының аға прокуроры Сансызбай Сапарбекұлына берілді. Ол қоғамдағы тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу маңызды екенін атап өтті.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет жастарға нашақорлық, ойынқұмарлық, әлімжеттік сияқты зиянды әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Келесі сөз кезегін алған ауданның бас имамы Алмуханбетаранжан Айтмуханұлы жастардың қоғамдағы және діндегі рөліне тоқталып: «Дініміз Ислам жастардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенін айтып, олардың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуге шақырады. Жастық шақты адам өмірінің ең маңызды бөлігі деп санап, оны бос өткізіп алмай, пайдалы іске арнауды өсиет етеді. Әр елдің болашағы ондағы жастардың тәрбиесімен тікелей байланысты. Жастары білімді, рухани дамыған елдің болашағы да жарқын болмақ. Сондықтан да ақын Мағжан Жұмабаев:
Қажу бар ма тұлпарға,
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күштi оларда,
Мен жастарға сенемiн, – деп жас ұрпаққа үлкен үміт артқан»,- деп қатысушы жастарға насихат айтты.
Форум барысында жастарға арналған идеологиялық бейнероликтер, есірткіге қарсы, интернет-алаяқтық, жол-көлік оқиғаларына қатысты ақпараттық материалдар көрсетілді.
Форум соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, жиын жүргізушісінің қорытынды сөзімен аяқталды. Санат Сағынбекұлы форумның қоғам үшін өзектілігін атап өтіп, тәртіп орнату тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін баса айтты.
Аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз қызметі