Тұрар Рысқұлов аудандық Сұлтан орталық мешітінің наиб имамы Айтөре Нұрбай Луговой ауылындағы әскери горнизонның жас сарбаздарымен кездесіп, «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында насихат айтты.
Айтөре имам өз сөзінде дін мен дәстүрдің өзара байланысының маңыздылығын атап өтті. Қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, әрбір іс-әрекеті Исламмен астасып жатқанына ерекше тоқталды. Мысал ретінде қазақтың ең үлкен дәстүрлерінің бірі – шілдехана тойын келтірді. Бұл той бала дүниеге келгенде бүкіл ауылдың қуанышына айналатын маңызды оқиға болып саналады. Атам қазақтың: «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген сөзі осының дәлелі.
Айтөре имам шілдехана дәстүрінің Исламдағы «ақиқа» ғибадатымен байланысты екенін түсіндірді. Ақиқа – жаңа туған нәрестенің амандығы және анасының саулығы үшін сойылатын қойды білдіреді. Қазақтың «қалжа» дәстүрі де сол мақсатты көздейді, яғни жаңа босанған әйелдің денсаулығы үшін арнайы дайындалған сорпа мен қой етін беру. Ер балаға екі қой, қыз балаға бір қой сойылатыны белгілі.
Бұл дәстүрлердің Исламдағы рөлі өте маңызды. Сау-саламат болу, әйелдің денсаулығын нығайту және баланың дұрыс өсіп-жетілуіне әсер ету – осының барлығы болашақ ұрпақтың саулығына деген қамқорлықтың көрінісі. Бұл үрдістерді жастарға түсіндіру арқылы олардың ұлттық құндылықтарға деген құрметі мен рухани байлығы артады.
Қуаныш Түзелбеков,
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі