Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылындағы «Қасымбай ата» мешітінің имамы Әбілдаев Нұрқияс және «Ақыртөбе» мешітінің теологы, ұстазы Саян Батырұлы Қарақат ауылдық орта мектебінің жастарымен кездесу өткізіп, «Әдептілік – адамгершіліктің бастауы» атты тақырыпта уағыз айтты.
Кездесуде имамдар жастарға әдептіліктің маңызы мен адамгершілікті тәрбиелеудің қажет екенін түсіндірді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадисінде: «Адамдардың арасындағы ең қайырлы адам – адамдарға тілімен және қолымен зиян келтірмеген адам» деп, әдеп пен адамгершіліктің қоғамдағы мәнін атап өткен болатын. Бұл сөздер жастарға терең ой салды.
Қазіргі таңда, өкінішке орай, жастар арасында ұлттық құндылықтарымызға жат, адами құндылықтарға қарсы түрлі теріс әдеттер таралуда. Есірткі, ішімдік, шылым сияқты зиянды әдеттер мектеп жасынан бастап қызығушылық тудырады. Ұрпақтың болашағы оның тәрбиесіне байланысты екені белгілі, сондықтан ұлттық және рухани құндылықтарды негізге ала отырып, дұрыс тәрбие беру өте маңызды.
Абай атамыздың: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деген сөзі бүгінгі күні өте өзекті. Ұрпақ тәрбиесінің басты өлшемі – әдептілік пен адамгершілік. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп айтқан еді: «Бір ата-ананың балаларына қалдыратын ең жақсы мұрасы – жақсы тәрбиесі», бұл да бүгінгі жастар үшін маңызы зор бағыт-бағдар болар сөз.
Қуаныш Түзелбеков,
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі