Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылындағы «Қасымбай ата» мешітінің имамы Әбілдаев Нұрқияс Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесуде имам жат діни ағымдардың жастарға тигізетін зияны туралы айтып, бұл мәселенің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.
«Жау жоқ деме, жар астында» деген халық даналығын мысалға ала отырып, Нұрқияс имам қазіргі уақытта қауіп-қатердің арта түскенін, әсіресе діни сауаты жоқ жастардың жат ағымдардың жетегінде кету қаупі бар екенін айтты. Бұл қауіптің алдын алу, жастарды сақтандырудың маңызы зор.
Имамның сөзінше, жат ағымдар халықтың діни сеніміне, салт-дәстүріне қарсы, ұлттың болмысын бүлдіруге бағытталған. Мұндай теріс пиғылды ағымдардың ықпалы жастарымызды терең адасушылыққа итермелейді. Сонымен қатар, жастарға ғаламтордағы діни ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін ҚМДБ өкілдеріне және жергілікті мешіт имамдарына жүгіну қажеттігін баса айтты.
Деструктивті діни ағымдар Әбу Ханифа мазхабынан ажыратып, ұлттық дәстүрлерімізді бұзу арқылы ұрпақтың рухани болмысын жоймақшы. Сондықтан да, жастарға алдын ала дұрыс бағыт-бағдар беру маңызды.
Түзелбеков Қуаныш, Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі