Ражаб – қасиетті үш айдың бірі. Бұл ай – тәубе мен құрметтің, ғибадат пен жақсылықтың айы. Алдағы Шағбан айы ізгі амалдарды көбейту кезеңі болса, Рамазан – рухани кемелденудің, жақсылықты молынан жинау айы. Зуннун Мысри бұл үш айды былай сипаттаған: "Ражаб – тұқым себу, Шағбан – егінді суару, ал Рамазан – жемісін жинау айы."
Осы қасиетті уақытты тиімді өткізу мақсатында Жамбыл облысы, Қордай ауданының Аудандық "Қордай" мешітінің ұстазы Эльмира Аманқожақызы әйел-қыздар жамағатына арналған "Ражаб марафонын" ұйымдастырды.
Марафон Ражаб айының басталуымен қатар басталып, Шағбан айында жалғасын таппақ. Қатысушыларға күн сайын тапсырмалар беріледі, ал кешке олар арнайы топта есеп беріп, күндерін қорытындылайды. Тапсырмалар арқылы Ражаб айын қалай өткізу керектігі, нәпсіні тәрбиелеу, парыздар мен қосымша ғибадаттарды орындау жолдары кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, ізгі амалдардың мән-маңызы ашылып, марафонға қатысушыларды рухани тұрғыдан байыта түсетін ақпараттар ұсынылды.
Марафон барысында ұстаз Эльмира Аманқожақызы Ражаб айының әр күнін пайдалы өткізіп, нәпсіні тәрбиелеу арқылы Аллаға жақындай түсу қажеттігін атап өтті. Әйел-қыздар жамағаты бұл шараға белсене қатысып, берілген тапсырмаларды ықыласпен орындауда.
Бұл марафон – қасиетті айларда жасалатын ғибадаттарды насихаттап, рухани даму мен игі амалдарды арттырудың тамаша үлгісі.
Аудандық "Қордай" мешітінің баспасөз қызметі