Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз ауылдық «Бейшен» мешітінің имамы Акбар Тоқтосынұлы ауыл тұрғындарымен кездесіп, «Дін және дәстүр» тақырыбында насихат айтты.
Акбар Тоқтосынұлы насихатында: «Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы зор. Еліміздегі озық салт-дәстүр мен ислам дінінің сабақтастығының түп тамыры тереңде жатыр. Қазақ халқы тарих ағысында түрлі кезеңдерден өткен. Қилы замандарды бастан кешіріп, сан алуан діндер мен әдет-ғұрыптарға куә болды. Бабаларымыз ақыл-түсінігі мен талғамын Ислам дінімен сүйемелдей білген. Соның арқасында қазақтың әрбір әдеті мен ғұрпы, тікелей дінмен байланысып, өзара ажырамастай өріле түскен.
Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі – халқымыздың батырлығы мен ерлік дәстүрін паш етеді»,-деді.