Кәсіпкерлік ел дамуына салмақты үлес қосатын күшке айналғанда ел экономикасының өркендейтіні белгілі. Яғни, бұл саладан түскен табыс та қомақты, жұмыспен қамтылушылар саны да біршама жоғары болады. Бүгінде елімізде кәсіпкерліктің тынысын кеңейту бағытында түрлі бағдарлама қабылданып, тиімді жобалар жүзеге асуда. Олардың нәтижесі де жоқ емес.
Бүгін «Батыс Еуропа – Батыс-Қытай» тас жолының Сарыкемер ауылын жанамалай өтетін айналма жолы бойынан сервистік қызмет көрсету орны ашылды. Жеке кәсібін әрі қарай дамытып, заман талабына сай әртараптандыру мақсатын көздеген кәсіпкер Әуесбек Көпбосынов «Жібек жолы» кешенін іске қосып, қызметін ел игілігіне ұсынды.
Аталған кешеннің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы шағын және орта бизнес, жол бойы инфрақұрылымының маңыздылығын атап өтіп, кешен басшысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл аудан тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Жаңа кәсіпкерлік нысанның лентасы салтанатты түрде қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты.
Жалпы аумағы 1,5 гектарды қамтитын кешенде 250 адамға арналған тамақтану орны, 12 бөлмеден тұратын қонақ үй, сауда дүкені, автокөлік жөндеу және жуу орталығы, жеңіл және жүк көліктеріне арналған автотұрақ, газ құю бекеті орналасқан. Тіпті, намазхана мен жуынуға да жағдайлар қарастырылған. Жалпы құны 500,0 млн. теңгені құрайтын кешенде жергілікті 50 тұрғын жұмыспен қамтылған.