Теология ғылымында дін - адамзатты екі дүниеде бақытқа жетелейтін жол, деп түсіндірген. Екі дүниенің бақытын табу үшін кез-келген жерде қолындағы смартфон арқылы әлеуметтік желіден діни білім алып, бақытты боламын деу, бекершілік және бос қиял.
Әлеуметтік желінің пайда болуы адамзат өмірінің өмір сүру салтын едәуір жеңіл етті. Әлемдік әлеуметтік желіні жер шарының 70-80% пайдаланады. Ертеректе, соңғы жаңалықтарды білу үшін газет оқуға немесе теледидардан кешкі жаңалықтарды көруге мәжбүр болса, қазір қалаған ақпаратыңды ұялы телефоннан естіп, көруге болады. Оның адамзатқа көптеген пайдалары болғанымен, зиян тұстары да жетерлі. Дін ғылымы, діни ілімдер өте нәзік ұғым болғандықтан, діни тәлімді білікті өзінің маманынан ғана үйрену қажет. Сонымен қатар бүгінгі таңда ғаламтордың игілігін Ислам әлемі де кәдеге жаратып отыр. Оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан құпталған діни сайттарды және құпталмаған дәстүрлі емес діни сайттарды да көруге болады.
Діни басқармаға қарасты өкілдердің барлығының жанынан ашылған діни сайттар қазіргі кезде жастарымыздың игілігіне қызмет етуде. Діни ілімге жәй ғана ақпарат ретінде қарауға болмайды. Сондай-ақ ғаламтор желісіндегі кезкелген мағлұмат шынайы, сенімді дерек көзі болып саналмайды. Діни базалық білімі болмаған адамның қайсысы дұрыс, не бұрыс екендігін ажырату қиынға соғуы мүмкін. Әлеуметтік желісімен таратылған радикалды бағыттағы діни идеологиялардың көздейтіні-халыққа белгілі бір сенімдерді ұялату және өз топтарына тарту. Қазіргі ақпараттық заманда адасқан топтар үшін әлеуметтік желі насихат жұмысын жүргізуге тиімді болып отыр. Деструктивті діни ұйымдар идеологияларын тарату мақсатында танымал «ютуб», «инстаграм» желілерін көп қолданады.
Интернет желісіндегі әр түрлі толассыз ақпараттардың барлығын діни дұрыс, сенімді ақпарат екен деп қабылдап, өміріне тұтқа ретінде қарастыруға асықпау қажет. Өйткені жастарымыз интернет желісі арқылы арбалып, көптеген дәстүрлі емес діни ағымдарға кіріп кетіп жатқанын аңғарамыз. Әлеуметтік желідегі діни ақпарат сіздің қатеңізді ешқашан түземейді. Себебі ондағы ақпарат жазылып қойғаннан кейін ақпарат дұрыс болса да, сіз оны қате түсінуіңіз бек мүмкін. Сондықтан, түрлі пиғылды адасқан топтардың жетегінде кетіп, алданып, арбауына түспеудің жолы – ресми мекемелерге, білікті діни сала мамандарына жүгіну.
Меркі аудандық «Меркі ата»
мешітінің наиб имамы
Пирназаров Бауыржан