АДАЛ АС – ЖАНҒА АЗЫҚ

АДАЛ АС – ЖАНҒА АЗЫҚ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Білім де, даналық та, Аллаға деген махаббат та, шынайы мейірімділік те ішіп-жеген адал асқа байланысты болады. Асқазанға түскен әрбір ас адам бойында қызғаныш пен арамдықты оятса және надандық пен ғапылдыққа себеп болса, онда мұндай астан аулақ болған дұрыс. Яғни, астың адал болуы адам бойындағы рухани кемелдікке бастар баспалдақ іспеттес.

Құлшылықтар рухты қоректіндіредітін рухани азықпен қатар, тәннің материалдық азықтан алған күш-қуатымен орындалады. Адал астан бойға руханият пен мейірімділік келсе, харам тамақтан керісінше қаттылық, ашушаңдылық және ғапылдық бой алдырады. Адал ас пен ізгі амалдар арасында жақын бір байланыс бар. Дұғаның қабыл болуы үшін де адал тамақтың мәнісі зор.

Құран кәрімде мына аятта былай баяндалады: «Ей, иман етушілер! Сендерге берген ризықтардың адалдарын жеңдер» (Бақара сүресі, 172-аят). Төмендегі хадисте бізге халал мен харам турасында қаншалықты абай болуымыз керектігін тамаша әрі қысқаша баяндалады. Пайғамбарымыз (с.а.у) айтты: «Шүбәсіз халал белгілі, харам да белгілі. Бірақ, осы екеуінің арасында (халал-харамы белгісіз) кейбір күмәнді нәрселер бар. Көп адамдар оларды білмейді. Шүбәлі нәрселерден қашқан адам діні мен намысын қорғаған болып саналады. Шүбәлі нәрселерден сақтанбаған адам болса, уақыт өте келе харамға батады. Дәл, бір, қайын біреудің жеріне жақын жайған малшы сияқты. Абай болыңдар! Әрбір патшаның кіруге тыйым салынған жері бар. Аллаһтың тыйым салған жері харам еткен нәрселерді екендігін ұмытпайсыңдар» (Бұхари, Иман 39). Пайғамбарымыздан (с.а.у.) үлгі алған адамдар базардан алған азық-түлігін үйлеріне бетін жауып апаратын болған. Өйткені, алынған азықта «түскен көз» болмауы керек. Азықтағы күш-қуат та мұқтаж адамдардың тамсанысы, пақыр ғарыптардың аянышты көздерінің жағымсыз әсерлері қалмауы қажет деп сақтық шарасын жасаған.

Қазіргі таңда адамдар қандай ас жесе, рухтарына сол жеген асы әсер етеді. Иманының әлсіреп, күнәға бой алдырып, Құранды жаттау миына қонбай жатса, ойлану керек. Себебі бұл нәрседен алар ғибрат, демек асыңның халал болмағандығының нәтижесі деп білу керек. Бұл астың адал болмауы асты дайындап жүрген жандарға ғана байланысты емес, сол азықты қандай жолмен тауып келіп жүрген ер адамға тікелей қатысты. Асымыздың адалдығына мән беруіміздің негізгі себептері тек ішкен адамға емес оның ұрпағына да әсер ететіні сөзсіз. Бұл жайында Ислам ғалымы Имам Ғаззали: «Харам ішіп-жеген әйелдің сүтін емген баланың да болашақта лас нәрселерге, жиренішті істерге бейім келеді. Сол үшін баланы харам асқа қол сұқпайтын тақуа әйелдің емізуі қажет. Өйткені, харам ішіп-жеп, осыдан ұйып шыққан сүттің берекесі болмайды. Мұндай ана баласын емізгенде сүт арқылы баланың табиғатына харамға деген бейімділік дариды» деген.

Жалпы адал мен арамды Алла Тағаланың өзі нақты әмірімен белгіленген еді. Ешбір адам өз білгенімен адалды арам, арамды адал ете алмайды. Себебі Құранда бұл жағдайды айдан анық қылып баяндап кеткен: «Өз тілдеріңнің жалғаны мен қателігін Алла Тағалаға таңып, «мынау халал, мынау харам» деп айтпаңдар. Аллаға өтірік жала жапқан боласыңдар. Шындығында Алланың атынан өтірік айтатындар құтылмайды». (Нахыл сүресі 116-аят)

Ислам ғалымдары тамақ, ұйқы және сөзде үнемшіл әрі ұстамды болуды жиі насихат етеді. Абдулла ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) мынадай төрт дос пен төрт дұшпанды таныстырған болатын: «Төрт нәрсе жүректі қарайтады: тамақты мөлшерден көп жеу, залымдармен бірге жүру, күнәларынан қорықпау, амал етпей үміт ету. Төрт нәрсе жүректі нұрландырады: тамақты аз жеу (сүннет бойынша), ізгілермен бірге жүру, күнәларынан қорқу, алдымен амал істеп сосын үміт ету». Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетіне шайтанды шөл және аштық арқылы жолын жабуды өсиет етті. Осыған байланысты Рамазан айында, аптаның бейсенбі және дүйсенбі күндерінде ораза ұстауды бұйырған. Түсінген адамға бұл құлшылықтың бәрінде адамның рухани, физикалық жағдайына оң әсер ететін даналық жатқандығын көрер көз үшін анық айтылған.

Ондай болса, құрметті ағайын, дұғамыздың қабыл болуының бірден бір шарты ішіп-жеп жатқан асымызға тікелей қатысы бар. Сол себепті асымыз адалдан болсын! Әр ішіп-жеген асымызға бекем болып, қырағылық танытайық!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: