Адамзат жаратылғалы бері мына жер бетінде қаншама қоғамдар, өркениеттер құрылып, қаншасы жойылды. Адамзат баласы ықылым заманнан бері қоғамның әрбір мүшесінің құқығы сақталатын, ешкімге Зұлымдық жасамайтын, әркімнің еркіндігіне қол сұғылмайтын, яғни, қоғамның әрбір мүшесінің көңілінен шығатын, әрбірі бақытты болатын қоғам құруға талпыныс жасап келе жатыр.
Әр дәуірде осы жолда зерттеулер жүргізіліп, ғалымдар, ойшылдар еңбектер жазып кеткен. Атап айтқанда антикалық дәуірдегі ойшыл-философ Аристотель ізгі қоғам қандай болуы керектігі жайында ойын білдіріп, трактат жазып кеткен. Платонның "Республика" еңбегінде, сонымен қатар біздің заманымызға дейінгі қытай ойшылдарының еңбектерінде ізгі қоғам жайында сөз қозғап, идеяларын жазып кеткен.
Әлемнің "екінші ұстазы" атанған ғалым философ Әбу Насыр әл-Фараби атамыз өзіне дейінгі ойшылдардың ізгі қоғам туралы ой-пікірлерін дамытып, өзінің ой-тұжырымдарын ұсынып "Қайырымды қала" (ізгі қоғам) трактатын жазып кеткен.
Ғалымның «қала» дегені ол мемлекет, қоғам. Әл-Фараби қайырымды (ізгі) қала халқы қандай болуы керек, оның басшылары қандай бейнеде, олардың сипат-белгілері қандай деген тақырыптарда жан жақты талдау жасайды.
Өткен ғасырдағы Ленин мен Маркстың коммунизм идеясы да, қазіргі демократиялық қоғам идеясы да адамзаттың ізгі қоғам құру жолындағы талпыныстарының көрінісі.
Адамзат тарихынан байқағанымыздай Алланың араласуынсыз яғни елші жіберіп, кітап түсіріп бағыт-бағдар, жөн сілтеуінсіз ізгі қоғам құру мүмкін емес. Өйткені адам қанша ақылды болғанымен оның шегі бар екендігі, кейде нәпсінің жетегінде кетіп өзіне бұра тартатындығы әмбеге аян. Әрбір пайғамбардың міндеті адамзатты нәпсінің жетегінде кетуден сақтандырып, ізгілікке шақыру. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) де елшілік мақсаты адамзатты ізгілікке шақырып, ізгі қоғам құру.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде адам баласының екі дүниеде де бақытты өмір сүруі үшін өлшемдер қойған. «Теңіз тамшыдан құралады» демекші қоғам да жекелеген адамдардан құралады. Яғни "Ізгі қоғам" құру үшін ең алдымен ол қоғамды құраушы адамдардың ізгі болуы шарт. Әрбір адамның материалдық байлығы, әсіресе рухани байлығы мен тыныштығы қоғамның тыныш, тұрақты болуын қамтамасыз етеді.
Рухани байлық болмаған жерде ізгі қоғам құру бос әурешілік. Алла Тағала Құранда: «Олар Аллаға һәм ақирет күніне кәміл сенеді һәм (ел-жұртты) жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыюға тырысады. Сондай-ақ қайырлы, игілікті істерде бір-бірімен жарысады. Міне, солар ізгі жандардың қатарында» (Әли-Имран, 114-аят) деу арқылы иман келтіргендерге жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға, ізгілікте, Жақсылықта бір-бірімен жарысуға шақырады.
Ал Хужурат сүресі 7-аятта: «Алайда Алла сендерге иманды сүйгізіп, оны жүректеріңде безендірді (яғни көңілдеріңе жағымды қылды). Сондай-ақ сендерді күпірліктен, асылықтан һәм (Алла мен расулына) қарсы келуден жирендірді. (Сенімді, ойы һәм іс-әрекеттері) түзу болған игі жандар, міне, солар», - деп ізгі жандар иман келтіргеннен кейін, күпірліктен, азғындықтан, жамандықтан жиренетін жандар екенін атап өтті.
Дін қоғамдағы арсыздық пен қылмысты ауыздықтап, оның алдын алатын басты фактор. Бір істің арсыздық немесе қылмыс екенін айтумен қатар оның күнә екенін айту істеушіге екі есе артық ой салары анық. Адам түзелсе, әлем түзеледі деген осы.
Түзелбай Қайыржан Пердебайұлы,
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы,
Үлгілі ауылдық «Әдбімәжит» мешітінің имамы