КӨРШІМЕН ТАТУ БОЛУ...

КӨРШІМЕН ТАТУ БОЛУ...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жақсы көрші адамға берілген жақсылықтардың біріне жатады. Дана халқымызда "Үй алма, көрші ал" деген де қанатты сөз бар. Бұл ғибратты сөздің мағынасы көршісімен тыныш, тату ғұмыр кешу өте сауапты амал екендігін айтады.

Нәфиғ ибн Абдулқарис р.ғ. риуаят етеді, Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Кең үй, ізгі көрші, жақсы көлік мұсылманға берілген бақыт",- дейді. (Бұхари). Өте дұрыс айтылады, өйткені адам өмірінің басым бөлігін өз мекенінде, үйінде, яғни шаңырағында өткізеді. Үйіңнің кең болғанына, көршінің жақсы болғанына, көлігіңнің де шаруаңа жарамды болғанына не жетсін! Қасиетті дінімізде көрші жайында бірқатар хадистер келтірілген. Солардың бірінде Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Жәбрайіл ғ.с. маған көрші жайында көптеген насихаттар айтқандығы соншалықты, мен тіпті адамға тіпті көршісі де мирасқор болар ма екен деген ойға келдім",- деген екен. (Бұхари, Муслим).

Тағы бір хадисте Алла Елшісі с.ғ.с.: "Әй, Әбу Зәрр! Егер үйіңде өзіңде қандай тағам, сорпа-су дайындаған болсаң, артығымен жаса, әрі көршіңнен хабар алып тұрғайсың!",- дейді. (Имам Муслим риуаяты). Хадистің мағынасында көршіңмен тату бол, әрі көршің аш болмасын, егер әл-ауқаты төмен болса арасында қарайласып тұр дегенді аңғартады. Осы орайда балалық шағымда басымнан өткен төмендегі мына бір оқиғаны айта кеткенді жөн санадым. Әке-шешеміз бағып кел деп алдымызға ешкісі бар, қойы бар бес-алты бас малды айдатып жіберетін. Бірде ойынға беріліп кеткен екенмін, малдарым көршінің ауласына кіріп кетіпті. Қарасам көршіміз ауласынан шығарып айдап келе жатыр екен. Ашумен біраз сөздер айтып, ұрсатын болды ау деп ойладым да малды айдауға ыңғайлана бергенімде: "Ұрсатын болды деп қысылмағын, талды жесе, тал қайта көгерер, маған көрші керек", дегені бар ма... Бала көңілім қуанып кетті. Сол бір сөзінен кейін, ол көршіме әркез көңілім жылы, үнемі олардың қызметтерінде болуға ішім даяр екендігін терең сезінемін.

Жуырда бір кісі келіп: "Молдеке, өткенде мынандай бір жағдай болды", деп әңгімесін айтты. -"Бейшараны түйенің үстінен де ит қабады" дегендей, қатты бір соққан дауылда қорамыздың қапталына қағылған бір тақтайша ұйытқыған желдің екпінімен барып көршіміздің машинасының айнасына зиянын тигізіпті. Жаңасын алып берсін деген екен, оған дер кез кезінде әпере салатын жағдай да болмай, әйтеуір қарыз алып, дегенін орындадық. Көршім нардың құнын төлеткендей: "Егер ол тақтайша біреуіміздің басымызға түссе не болар еді?" деп кейігенін білдірді. Көңілім бір түрлі болды, мен көршімнен "Айна деген табылар, ең бастысы басымыз аман болсын, татулығымыз жойылмасын" дегендей жанға жылу беретін сөздер айта ма деп күткен едім, амал не!!",-деп әңгімесін аяқтады. Пайғамбарымыз с.ғ.с.айтады: "Аллаға және ақырет күніне иман келтірген кісі көршісіне жамандық жасамасын, зиянын тигізбесін",- деген екен. 

Әр адамның көршілерінің алдында бірқатар өз хақылары бар, олар;
Жәрдем сұраса, жәрдем беру;
Қарыз сұраса, қарыз беру;
Жағдайы төмен болса, мүмкіндікке қарай қарайласып тұру;
Науқастанып қалса, көңілін сұрау;
Қайтыс болса, жаназасына қатысу.

Сөз соңында айтарым, Имам Тирмизи риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Алланың құзырында көршілерімен тату, дұрыс мәміледе болған адамдарың дәрежесі әрқашанда жоғары",- деген екен. Көршілерімізбен тату болайық ағайын!

Үмбет Сабырханов
Әл-Хақ мешітінің имамы
Т.Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: