ДІНГЕ ҚЫЗМЕТІ СІҢГЕН ЕРМАХАН ҚАЖЫ ТУРАЛЫ

ДІНГЕ ҚЫЗМЕТІ СІҢГЕН ЕРМАХАН ҚАЖЫ ТУРАЛЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ермахан Бердалыұлы 1937 жылы 12 маусымда Жамбыл облысы, қазіргі Байзақ ауданы, Үлгілі ауылында дүниеге келген. Әкесі – Кенжебаев Бердалы Ұлы Отан соғысының ардагері, ал анасы – Кенжебаева Назым қантқызылшашысы қызметінен зейнетке шыққан еді.

Оқуын ауылда бастап, кейін Сарыкемер ортамектебінде жалғастырған. Онан соң Тараз қаласындағы Абай атындағы педучилищені тәмамдаған. 1956-59 жылдары Украинада әскер қатарында болып, капитан әскери шенін алған. Армиядан оралған соң әуелі әл-Фараби атындағы ҚазМУ-де, кейін Шымкент пединститутында оқуын жалғастырып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Мамандығына орай өмір бойы оқу-ағарту саласында еңбек етті. Алғашында мұғалім, кейін аудандық оқу бөлімінің инспекторы, ауданның бірнеше орыс, қазақ орта мектептерінде директорлық қызмет атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан соң Тараз қаласындағы Әбдіқадыр мешітінің жанындағы медреседе діни дәріс алады.

1994-2014 жылдары аудандық «Байзақ баба» және Үлгілі ауылындағы «Әбдімәжит» мешіттерінде имамдық қызмет атқарып, сол жылдары мешіт құрылысына көмектесіп, жастарды имандылыққа баулып, халықтың ықыласына бөленді. 2007 жылы Мекке, Мәдина қалаларын зиярат етіп, үлкен қажылық парызын өтеді.

Көптеген республикалық, сонымен қатар Совет Одағының бас газеті саналған, Мәскеуде шыққан «Известия» секілді мерзімді баспасөз беттерінде мақала, аударма, өлең, әңгіме, танымдық материалдары жарияланған. Ұжымдық және жеке жарыққа шыққан кітаптары бар.

1978 жылы баспаға дайындалған «Құс жолы» кітабы туралы Ермахан қажының замандасы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қаскелең қаласының құрметті азаматы Шекербек Садыханұлы былай деп жазған еді: «Ермахан Бердалиев жастайынан ақындық жолды таңдаған. Ұшқыр қиялына қанат байлап, киелі сөздің патшасы болуды армандаған. Ермахан өзінің іздену жолында, ақындық талантын ұштау барысында әр алуан тақырыпты қозғайды. Сүйікті Отанын, туған жерін, оның сұлу табиғатын, өскен ортасын, ата-анасын, замандастарын, алғаш білім берген ұстазын, мектебін жырына арқау етеді. Өмірге өлердей ғашық болады, сүйеді, тамсанады. «Алма-Арасан», «Таң ғажайып мекенімнің гүлдері», «Қараңдаршы аспанға» және «Серуенде», «Таңбалы тас» атты шығармалары ақындық екпінді шабытпен жазылған, сол кездегі ауыл бейнесін, оның сұлу көркін таныта алатын ұтымды дүниелер деуге болады.

Ермахан қажы мен оның өмірлік жары, ардагер-ұстаз Баян Дәрібекқызы бес перзент сүйді. Олардың барлығы да Жоғары оқу орнын тәмамдап, әр салада қызмет атқаруда. Тұңғышы Хамит Алматы қаласында – архитектор, үлкен қызы Жазира – филолог-аудармашы, әке жолын қуған ортаншы ұлы Мұхит имамдық қызметте, кіші ұлы Құмар – Сарыкемер ауылдық Балалар көркем сурет мектебінде мұғалім, кенже қызы - Нәзира Бердалы ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Ермахан қажы Бердалыұлы әрдайым ұрпақ қамын ойлаған азамат. Оқу-ағарту, діни сауаттылық саласына еңбек сіңіріп қана қоймай, саналы ұл-қыз тәрбиелеп өсірген әке, ардақты ата.

 

Бердалиев Мұхит Ермаханұлы,

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы,

Қосақ ауылдық «Қосақ» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active