ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ халқының тамыры тереңде. Бұл сөзіме ешкімнің шүбә келтірмесі анық. Бұған қазақ жерінде болған әлем тарихшылары да, зерттеуші, әдебиетшілері де куә болған.

Қазақ халқын әлем халқына танытып тұрған ол біздің ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен мәдени мұраларымыз, тіліміз және ұлттық қолөнер мен ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, ұлттық ойындар. Бабадан балаға мирас болып, заман көшімен жалғасып бүгінгі күнге жеткен салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарымыз баға жетпес құнды қазынамыз. «Ата салтың – халықтық қалпың» дегендей, өз ұлтымыздың қадір-қасиетін, ой-өрісін танытатын салт-дәстүрімізге, қазақтың мәртебесін көтеретін мұраларымызға құрметпен қарап, оларды қастерлеу барша қазақтың міндеті деп білемін. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіруге ат салысуымыз қажет.

Әуелгі сөзді қазақ халқының қонақ жай халық екендігінен бастаған жөн болар. Қазақ жер бетіндегі қонақжай халықтардың бірі. Қазақ жерінде болған поляк саяхатшысы, зиялысы А. Янушкеевич: «Дүние жүзін қазақ жайласа, жер шарын тегін айналып шығар едім», - деп қазақ халқының қонақ жайлығына риза болып, бағасын беріп кеткен екен. Әлем халықтарына баға бергенде немістер – шыншыл, жапондар – өнертапқыш, испандар – шебер, қытайлар – еңбекқор деп жатады. Ал қазақтың бойынан бұл қасиеттердің барлығы да табылады, бірақ ең басты қасиеті – қонақжайлылығы екеніне ешкім дау айта алмас. Қонақ жайлылық – қазақ халқының сүйегіне сүтпен сіңген қасиет. Үйіне тосыннан қонақ келіп қалса да «құдайы қонақ» деп шырайлы жүзбен қарсы алып, бар тәтті-дәмдісін алдына қойған. Қазақ халқында қонақтың белгілі төрт түрі – арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ және қылғыма қонақ болғанымен қазақ үшін қонақтың аты – қонақ болып қала берген. Бұл қасиеті қазақты өзге ұлттан ерекшелеп, мәртебесін биіктетіп тұрады. Сонымен қатар үй иесі келген қонақтан қолқалап «қонақ кәде» сұраған. Қонақ адам ән, қисса немесе домбырамен  күй орындап не өлең айтып берген. Осылай ән немесе күй орындалып, арты көңілді отырысқа айналып отырған. 

Қазақ халқы бағзыдан күні бүгінге дейін амандық, есен-саулық білуге ерекше мән беріп, жөнімен сәлемдесе білген. Мысалы, көшке жолығып, амандасқанда «Көш байсалды болсын!», «Көш көлікті болсын!», - деп тілек білдіретін. Бұған жауап ретінде «Айтсын», «Айтқаның келсін» деп, әрі қарай жөн сұрасып кеткен. Сол іспеттес, мал бағып жүрген малшыға жолықса «Өріс кең болсын!», «Жаяр көбейсін!», жолаушыға кездессе «Жол болсын!», «Сапар оң болсын!», соғым сойып жатса, «Соғым шүйгін болсын!», қаза үстіне кезіксе «Қазаның арты қайырлы болсын!», кештетіп үйге кірсе «Кеш жарық!», бұрынғы заманда ауыл жаңа қонып жатса, бүгінде біреу үй алса «Қоныс құтты болсын!», бала туған үйге кірсе «Нарестенің бауы берік болсын!» т.б. тілектер айту арқылы амандасу рәсімі қазақ халқында жақсы қалыптасқан. Осылай амандасу жақсы ырымға да баланған. Бұдан бөлек танымайтын адамына да «Кімсің?» деп емес «танымадық қой» деп сыпайы жөн сұрасқан. Бұның барлығы адал, ақниетті білдіріп, бір-біріне тілекші екендіктерін танытады.

 

Жамбыл облысы Байзақ ауданы

«Байзақ баба» мешітінің наиб имамы

Сағымбаев Бақытбек Бауыржанұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active