Құралбаев Бекберген 1926 жылы Жамбыл облысы, Свердов ауданында (қазіргі Байзақ ауданы) дүниеге келген.
1931-1933 жылдары Қазақстанда коллективицазия жүріп, колхоз-совхоздар құрылды. Совет өкілдері ауылдың бар малын айдап, кейін елді ашаршылық жайлаған кезінде Құралбаев Бекберген әке-шешесінен, бауырларынан айырылып жетім қалды. 15 жасына дейін аудандағы балалар үйінде тәрбиеленді, сол уақытта кәсіптік-техникалық дайындықты меңгерді. Қаршадайынан жетім қалған Бекберген балалар үйінде тәрбиеленгеніне байланысты соғысқа қатысудан босататын «бронь» алғанына қарамастан, 1944 жылы өз еркімен Ұлы Отан Соғысына аттанады. Семей қаласында 139-атқыштар полкі құрылып, жас жауынгер Украина майданынан бастап Германияға дейін жетіп, Берлинді алуға қатысқан, кейін Чехословакияны босатуға жіберілген.
Соғыстан кейін Прагада 5 жыл десанттық әскерде болып, 200 мәрте парашютпен секірген. 1950 жылы елге оралған ол соғыста көрсеткен ерлігі үшін « Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков», «Берлинді алғаны үшін», «Ерлігі үшін» сынды Ұлы Жеңістің бірнеше мерекелік медальдарымен марапатталды.
1951 жылдан бастап, зейнетке шыққанға дейін Жамбыл темір жол станциясында жұмыс істеді. Поровоз, тепловоз, электровоз жүргізуші мамандығын игеріп, 1-ші классты машинист болып 30 жыл жолаушылар тасыған. Жұмыс барысында бірнеше рет «Целинаны» игеруге қатысқан.
Қазақстанға Л.И.Брежнев келген уақытта Д.А.Қонаев екеуін поездбен мемлекеттік составта алып жүрген. Темір жол саласында атқарған еңбегі үшін «Еңбек ардагері» әр-түрлі дәрежедегі «Социалистік Еңбек үздігі» медальдарымен марпатталды.
1951 жылы Базарбек қызы Ділдәкүлмен отау құрып, 57 жыл бірге өмір сүрді. 2008 жылы 83 жасында өмірден озды. 5 ұл, 3 қыз тәрбиеледі, балаларының барлығы жоғары оқу орнын бітіріп, әр-түрлі салада еңбек етуде. Жұбайы Ділдәкүл апа атқарған еңбегі үшін 2020 жылы Байзақ ауданының Еңбек ардагері атанды.
Бекберген ата зейнетке шыққаннан кейін араб тілі курстарына барып, ислам дінін меңгерумен айналысты, арабша хат танып, өз бетінше Құранды хатым етіп оқып шыққан.
Қазіргі уақытта Бекберген ата мен Ділдәкүл ападан 22 немере, 30 шөбере және 1 шөпшек тарап отыр.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
Ботамойнақ ауылы «Бекберген ата» мешітінің имамы
Серікбаев Ернур Қойбекұлы