Ұшыр – жерден шыққан өнімдерден берілетін зекет. Араб тілінде ұшыр «оннан бірі» деген мағынаны білдіреді. Жер өнімдерінен (егін және жеміс-жидек) зекет беру – парыз. Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Тапқан нәрселеріңнің және Біз сендер үшін жерден шығарғандарымыздың жақсыларынан (қайырға, зекетке) жұмсаңдар» («Бақара сүресі», 267-аят) десе, тағы бір аятта: «Жинаған күні ақысын (ұшыр садақасын) беріңдер» («Әнғам» сүресі, 141-аят) деген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жерден шыққан өнімнен берілетін зекет мөлшерін баяндап: «Жаңбыр және ағын суымен суғарылған егістік өнімінің оннан бірі, шелекпен суарылғанның жиырмадан бірі беріледі», – деген (Бұхари, Мүслим).
Осы орайда ауданымызға қарасты кәсіпкер ағамыз жеміс-жидек өнімі соның ішінде алма жемісінен ұшыр садақасын берді.
Осы игі іс-шараға аудан бас имамы Азамат Берікұлы, аудан имамдары мен мешіт жамағаты атсалысып 150 қорап алма жинап, медреседе оқып жатқан шәкірттерге таратып берді.
Осы шараға көмек қолын созған барша жандарға Алла разы болсын! Ұшыр садақасын берген ағамыздың Алла Тағала кәсібіне береке берсін.